Майдангер Құспан Боранбаевтың сүйегі Новгородтан табылды
«Жыл сайын сәуір айының аяғы мен мамыр айының басында соғыс болған Новгород облысына жер-жерден іздеу жасақтары жиналып, қазба жұмыстарын жүргізеді. Батпақты жерде кеңес әскерінің жауынгерлерін іздеу жұмыстары үздіксіз жүріп жатыр. Кейде сапар табысты болады, кейде еш нәтиже бермейді. Бұл жолы біз қазақстандық жауынгердің медалін тауып алдық. Ол Құспан Боранбаевқа тиесілі», - деді «Жауынгерлік бауырластық» қорының құрылтайшысы Гумер Галеев.
Табылған жауынгер сүйегі Құспан Боранбаевқа тиесілі. Ол Гурьев, қазіргі Атырау облысынан соғысқа аттанған. Құжат бойынша Дендизский ауданы, Морекуйский ауылдық советі, Қызылтук ауылының тумасы. Іздеу жасағының айтуынша, жауынгер Құспан Боранбаев соғысқа аттанған кезде отбасылы болған.
Айта кетейік, 1942 жылы Ресейдің Новгород облысы, Ольховец Парфинский ауылына шабуыл жасалып, ұрыс болған.
«Жауынгер күні бүгінге дейін із-түзсіз жоғалғандардың қатырында болған. Майдангер Боранбаевтың туған-туыстары табылып жатса, Новгород облысы, Парфинский ауданының әкімшілігіне хабарласуын сұраймыз. Қазір қайта жерлеу рәсімі жүріп жатыр. Бірақ іздеу жасағы Боранбаевтың сүйегін туғандарына беруге әзір», - деді Гумер Галеев.