Майқайыңда қос құтқарушыны іздеу жұмысының соңы сұйылып барады

майқайың
Фото: М.Аяғанов

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Құрдым түбінде жатқан қос азаматтың туыстары іздеу жұмыстарын тоқтатпауды өтініп отыр. Төтенше жағдай қызметінің мамандары іздеу жұмыстарының ендігі тағдырын алтын кенішінің басшылығы шешуі керек деген байлам жасады. Ал «Майқайыңалтын» АҚ өкілдері өңірлік департамент керісінше бар жауапкершілікті бізге артып отыр деген пікірде.

«Майқайыңалтын» АҚ ақпан айының соңында кеніштегі құрдымға құлаған автобус пен оның ішіндегі екі азаматты іздеу жұмыстарын тоқтатып тастағаны туралы хабарлаған едік.

майқайың
Фото: Kazinform/М.Аяғанов

Автобуста қалған екі адамның біреуі - кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің РОШ Павлодар филиалы құтқару қызметінің жедел алдын алу жұмыстары жө­ніндегі взвод командирінің орынбасары Айдос Шаймерден. Екіншісі – автобус жүргізушісі Айып Тілеубергенов. Екі айдан астам уақыт табылмай жатқан қос азаматтың туыстары іздестіру-құтқару жұмыстары түбегейлі тоқтап қала ма деп алаңдап отыр.

құтқару
Фото: Kazinform/М.Аяғанов

Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашев қалыптасқан ахуалды былай деп түсіндірді:

- Біздің болжамымыз бойынша, апат орын алған күні табылған қос құтқарушы (Сарқыт Бердіқан, Олег Тышкевич) автобустың артқы есігінен құлап кеткен болуы мүмкін. Ал жүргізуші мен тағы бір құтқарушы салонда қалған болуы керек. Жергілікті құтқарушылар кәсіби әскерилендірілген ава­риялық-құтқару қызметінің қызметкерлерімен бірге бір ай бойы (4 қаңтар – 4 ақпан аралығы) құтқару жұмыстарын қарқынды түрде жүргізіп келгені мәлім.

Алайда жер астын радармен барлаған «GRP-RIDDER-GROUP» ЖШС ойық маңайындағы топырақтардың босай бастағанын және жерасты кеңістіктерінің жиілей түскенін ескертіп, жұмыстарды одан әрі жалғастыру адамдар мен техника үшін өте қауіпті екенін хабарлады. Соған орай біз құтқару жұмыстарын ақпан айының басында доғардық. Дейтұрғанмен, «Майқайыңалтын» ауыр техниканың көмегімен бүйірлік траншеяларды кеңейтіп, ойықтың түбіне дейінгі аппарелін тереңдете бастаған. Алайда олар жұмысты соңына дейін жеткізбеді. Себебі қолдарында инженерлік-геологиялық жоба жоқ. Ал ондай жоба болмаса, олардың қызметкерлері тұрмақ, біздің құтқарушылар да жұмысқа кірісе алмайды. Яғни адамдардың қауіпсіздігін толықтай өз жауапкершілігіне алатын сараптама керек.

Әу бастан-ақ кәсіпорын басшылығына әуелі ойық түбіндегі жер жынысына сараптама жүргізу керектігі ескертілген. Бірақ олар мұны әлі күнге жасамай отыр. Айтуларынша, кәсіпорында қаражат жоқ. Ал жұмыстарды түбегейлі тоқтату немесе жалғастыру туралы соңғы шешімді кеніш қожайындары ғана айта алады. Заңда табиғат пайдаланушының аумағында болған төтенше жағдайға субъекті өзі жауап беретіні көрсетілген.

Ал «Майқайыңалтын» АҚ бас директоры Қуаныш Ботин соңғы шешімді біз емес, төтенше жағдайлар органдары айтуы керек деген пікірде.

майқайың
Фото: Kazinform/М.Аяғанов

«Төтенше жағдайларға қатысты қағидалар мен ережелерді қарап шықтым. Онда апат орын алған жерді қоршау мен күзету - кәсіп иесінің жауапкершілігінде деп қана көрсетілген. Біз аумақты қоршап, басына күзет қойдық. Инженерлік жобаны әзірлеуге міндетті емеспіз. Өңірлік төтенше жағдайлар департаменті барлық кінә мен жауапкершілікті бізге артып қойғысы келетіні байқалады. Кәсіпорын басшылығы жұмыстарды тоқтату туралы шешім шығара алмайды, себебі ол біздің құзырымызға енбейді. Менің ойымша, құтқарушылар қолдарынан ештеңе келмейтінін біліп, сырғып кетті. Оларға бұл жұмыстарды жалғастыра беруге болатын еді. Бізде авариялық-құтқару шараларымен айналысатын кәсіби әрі білікті мамандар жоқ. Қандай жұмыстар жүргізу керектігін де білмейміз. Бұған дейін аппарель жолды туыстарының өтініші бойынша салған едік. Бірақ әрі қарай жалғастыра алмаймыз, себебі бізге ешкім рұқсат бермейді», - дейді ол.

Бұған дейін де жазғанымыздай, Қонаев атындағы тау-кен ісі институтының мамандары кеніш шахталарына түсіп, олардың шахтерлер үшін қаншалықты қауіпсіз екенін тексеріп жатыр. Мамандар оң шешім шығарса, сәуір айында кеніш қайтадан жұмысын жалғастыруы мүмкін.

Кеніш басшылығы егер шахта қайта іске қосылатын болса, құтқару-іздестіру жұмыстарына ешқандай кедергі болмайтынын нақтылады. Себебі кен қазылатын шахта ұңғымалары өзге бөлікте орналасқан.

Айдос Шаймерденнің жары Нұрсұлу Шаймерденге хабарластық. Нұрсұлу күйеуі алғаш жоғалған күннен-ақ шырылдап, құтқару жұмыстарын тоқтатпауды өтініп сұрап жүр. Оның сөзінше, қазір «Майқайыңалтын» АҚ мен кәсіби әскерилендірілген ава­риялық-құтқару қызметтерінің РОШ Павлодар филиалы арасында бір ерегіс пайда болғандай.

жары
Фото: Kazinform/М.Аяғанов

«Майқайыңалтында» геологиялық сканердің нәтижелері бойынша жұмысты тоқтатуға қатысты «СоюзГеоМех» ЖШС-нің ұсынымдары ғана бар. Ал кәсіпорын басшысы Қуаныш Советұлы прокуратурадан қоңырау шалынып, жұмысты доғарыңдар деген пәрмен берілді дейді. Менің қолымда бар деректерге сүйенсек, инженерлік жоба жасап беруге бір фирма келісіп, қызметі үшін 140 млн теңге қаражат сұраған. Бірақ акционерлік қоғамның бас директорының кеңесшісі Орынжан Қабдолов одан үзілді-кесілді бас тартқан. О.Қабдолов кәсіпорындағы барлық шаруаны өзі жүргізеді, артық қаржы шығындағысы жоқ. Қ.Ботин оның айтқанынан шықпайтын адам. Бұл мәселені кенттің барлық тұрғындары жақсы біледі. Оның үстіне бұлар менің жолдасым табылмай жатқан ойыққа енді адам түгілі, техникаларды аттап бастырмаймыз деп қорқытып отыр. Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметінің басшылығы сараптама жасауға 4,5 млн теңге бөліп отырғанын айтқан, алайда өзге бөлігін «Майқайыңалтын» бергісі келмепті. Кеніш түбіне ауыр техника түсіруге арналған аппарель жолдың 20 пайызы ғана қалды. Соны аяқтаса, арыстай қос азаматты тез қазып алар еді. Жебесі 19 метрлік экскаваторды да іздеп таптық. Өкінішке қарай, біздің өтініштеріміздің барлығы аяқасты етіліп жатыр. Мәселені айтып бармаған жеріміз жоқ, Президент Әкімшілігінде де болдық», - деп мұңын шақты Нұрсұлу Шаймерден.

Сөз соңында ол өз күйеуінің тірі екеніне ешқандай үміті жоқ екенін, құтқарушылар мүрдесін қазып берсе, арулап жер қойнына тапсыру соңғы тілегі екенін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар