Майқайыңдағы алтын кеніші арада 9 ай өткенде қайтадан іске қосылды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - «Майқайыңалтын» АҚ-да төрт құтқарушының өмірін жалмаған апаттан кейін жұмысы тоқтап тұрған кеніш қайтадан ашылды. Бүгінде онда жерасты жарылыстары ұйымдастырылып, алтын комбинатына шикізат толассыз жеткізіліп жатыр.
- «Майқайыңалтын» АҚ-ға қарасты алтын кеніші қазан айынан бері жұмысын толыққанды бастап кетті. Бүгінге дейін бірнеше жарылыс жұмыстарын жүргізіп, қазір кенді тұрақты өндіруге көштік. Кеніштен шығып жатқан кен жыныстары кен байыту комбинатын тұрақты қамтамасыз етуге жеткілікті. Комбинат жанында жылдар бойы үйіліп қалған өңдеуден кейінгі қалдық та кәдеге жаратылып жатыр. Шикізатты сырттан тасуға ешқандай себеп жоқ, қазір өндіріс циклы жолға қойыла бастады-деп хабарлады Kazinform тілшісіне «Майқайыңалтын» АҚ бас директоры Қайролла Жүрсінбаев.
Биыл жыл басында кеніште болған қайғылы оқиғадан соң алтын шахтасының кеншілері мәжбүрлі демалысқа жіберілгені мәлім. Кәсіпорын басшысының айтуынша, олардың біраз бөлігі бұрынғы жұмыс орындарына қайтып оралған. Ал басқа жұмыстарға ауысып кеткендердің орнына жаңадан кеншілер алынған.
«Кеніште қанша қызметкер еңбек ететіндігі туралы ақпарат әзірше жоқ. Дейтұрғанмен нақты штат саны қазан айының соңында белгілі болып қалады»,-деді бас директоры.
Еске сала кетейік, 4 қаңтарда Павлодар облысындағы Майқайың алтын кенішінде ішінде адамдар бар автобус жер астына түсіп кетті.
Апат болған күні оқиға орнынан екі құтқарушының мүрдесі табылды.
Кейін құтқарушылар топырақтың жиі қозғалуына байланысты жер қазу жұмыстарын тоқтатты.
Ал мамыр айында Майқайың алтын кенішінде қос құтқарушыны іздеу жұмыстары қайта жанданды.
19 шілдеде Майқайыңда алты айдан соң үшінші құтқарушының мүрдесі табылған еді.
25 шілде күні Майқайыңдағы ойыққа түсіп кеткен автобус табылып, жердің астына түсіп кеткен соңғы адамның денесі жоғарыға шығарылды.
Кейін Елорда соты құтқарушылардың өліміне жұмыс беруші тарап кінәлі деп таныды.
Опат болған бір құтқарушының отбасы жұмыс берушіден 120 млн теңге өндіріп алды.
Қыркүйек айында кеніштегі апатқа кінәлі ретінде 6 адам қамауға алынғаны туралы жазған едік.
Күдіктілер кейін үйқамаққа жіберілді.