Майқайыңдағы алтын кеніші жайлы не білеміз?
«Майқайыңалтын» АҚ-да қазіргі уақытта 1 012 адам еңбек етеді. Кәсіпорын өз тарихында 80 тонна алтын, 1 240 тонна күміс, ал жалпы көлемі 16,7 млн тонна кен өндірген. Акционерлік қоғамның құрамында бүгінде екі кеніш тобы мен кен байыту фабрикасы, көлік цехы, көлік жөндеу шеберханалары мен химиялық зертхана, өзге де құрылымдық бөлімшелер бар, деп хабарлайды Kazinform.

Майқайыңдағы алтын кеніші облыс орталығы Павлодар қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 140 шақырым, Баянауылдан 90 шақырым жерде орналасқан.
Кеніштің тарихы аса бай. Бұл жерден көне дәуірде Тибет монахтары алтын өндірген деген дерек айтады шежірешілер. Ал төңкеріске дейінгі әдебиеттерде кен орны туралы мәлімет 1895 жылдан белгілі деп жазылады. Алтынға бай кен орнын қазақ даласының кен білгірі, Екібастұз тас көмірін ашқан Қосым Пішенбаев тапқан. Ағылшын концессионері Лесли Уркварт 1914-1919 жылдары осы жерде алтын өндірісін алғаш ұйымдастырып, құрамында алтыны бар құмды Ертіс өзені арқылы Англияға қарай құя бастады. Өндірілген қоңыр тастар әуелі Екібастұз қорғасын-мырыш комбинатына жөнелтіліп, мұнда Майқайың кенін «қосынды» деген желеумен пайдаланды. Іс жүзінде өзге кендермен қосып балқытқанда, қорғасын құймаларынан алтын мен күмістің көп мөлшердегі бөлігін айырып алуға болатын. Англия капиталистерінің қазақ жерін аяусыз тонауы төңкеріске дейін жалғасты.
Майқайың алтын кенішіне иелік ететін «Майқайыңалтын» кәсіпорнының негізі 1932 жылы қаланған. Ал алтын кен орнында негізінен 9 кенді телім бар. Бұлардың ішінде қоры жөнінен ең ірісі – «Майқайың В» телімі. Қайғылы жағдай дәл осы аумақта болып отыр. Бұл телімдегі 8 кен айырымының қоры балансқа алынған. Басты кентас минералдары – пирит, сфалерит, халькопирит, саф алтын, ковеллин, күміс, куприт, малахит, өңсіз кентастар, аргентит, борнит. Басты металдары мен пайдалы құраушылары – алтын, күміс, мыс, мырыш, қорғасын, күкірт, барит, қосымшалары – андий, селен, теллур, кадмий, талий, германий.
«Майқайыңалтын» кеншінің ресми сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, кәсіпорын құрылған уақыттан бері мұнда 16,7 млн тонна кен өндірілген. Бұл дегеніміз – 80 тонна алтын, 1240 тонна күміс, 204 мың тонна мыс, 300 мың тонна мырыш. 13 млн тоннадан астам кен кәсіпорынға қарасты кен байыту фабрикасында қайта өңделген. Өзгесі Ресей мен Қазақстанның металлургиялық зауыттарына жөнелтілген. Қазіргі күні акционерлік қоғам негізінен «Майқайың В» мен «Алпыс» кен орындарын пайдаланады.
Кәсіпорынның кеніштері мен кен байыту фабрикасында, көлік цехында, көлік жөндеу шеберханалары мен химиялық зертханасында, өзге де құрылымдық бөлімшелерінде жалпы саны 1050 адам жұмыс істейді.
Еске сала кетейік, кеше «Майқайыңалтын» кен орнында үлкен ойық маңындағы топырақ опырылып, 4 адам мінген автобус жердің астына түсіп кеткен болатын.
Кейін оқиға орнынан екі адамның денесі табылды.
Кешкісін табылғандардың кім екені белгілі болды.
Оқиға орнында иісшіл иттер жұмыс істеп жатыр. Опырылған жерде әлі де топырақ сырғып түсіп жатыр, опырылу шекарасы тұрақты емес.
Баянауылда кен орнында көз жұмған және із-түзсіз кеткендердің отбасына 4,5 млн теңгеден беріледі.