Мажарстандағы парламенттік сайлауда халықтың жоғары белсенділігі байқалды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мажарстанда бір палаталы парламент сайлауы өтіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Азаматтар Мемлекеттік Ассамблеяның 199 депутатын сайлауға қатысады деп күтіліп отыр. Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша таңғы 7:00-де басталып, 19:00-де (Астана уақытымен 22:00) аяқталады.
Будапешт уақыты бойынша сағат 15:00-дегі мәліметке сәйкес, сайлаушылардың 66 пайызы дауыс берді. Бұл көрсеткіш Мажарстанның қазіргі заман тарихында ең жоғары деңгей саналады.
Аталмыш сайлау премьер-министр Виктор Орбанның сыртқы саясаты мен Еуропалық Одақпен қарым-қатынасына байланысты Еуропа қоғамдастығының назарында тұр.
Қоғамдық пікір сауалнамалары бойынша негізгі бәсеке Орбан басқаратын «Фидес-КДНП» коалициясы мен оппозициялық «Тиса» («Сыйластық пен бостандық») партиясы және оның жетекшісі Петр Мадьяр арасында өтеді. Сайлаудың нәтижесі елдің ішкі және сыртқы саясатына ықпал етуі мүмкін.
Еске сала кетейік, осыған дейін Мажарстанда парламенттік сайлау өтіп жатқанын хабарлаған едік.