Мажарстанның бұрынғы үкіметіне қатысты жемқорлық деректері тексеріліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Мажарстанның жаңа билігі бұрынғы премьер-министр Виктор Орбан үкіметінің мүшелерін жемқорлық және экономикалық қылмыстарға қатысы бар деп күдіктеніп отыр. Бұл туралы ТАСС агенттігі жазды.

Орбан
Фото: Дмитрий Азаров, Коммерсантъ

Бұл жөнінде Мажарстан премьер-министрі Петер Мадьяр ел парламентінде сөйлеген сөзінде мәлімдеді.

Оның айтуынша, үкімет ауысқалы бері құқық қорғау органдарына мемлекет қаржысын пайдалануға қатысты 64 іс бойынша арыз түскен. Олардың жалпы сомасы 4 трлн форинттен асады (шамамен 5,38 трлн теңге). Қазірдің өзінде 24 іс бойынша тергеу басталған, қалғандары бойынша тексеру жалғасып жатыр.

Атап айтқанда, ауылдық елді мекендерді дамыту бағдарламаларына, электронды жер кадастрын құруға, жедел жәрдем көліктері мен пандемия кезінде өкпені жасанды желдету аппараттарын сатып алуға бөлінген бюджет қаражатының заңсыз жұмсалғаны тексеріліп жатыр.

Бұдан бөлек, Мысырға арналған теміржол вагондарын жасау, автомобиль жолдарын концессияға беру және бұрынғы биліктің тапсырысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарын бақылау жобалары да тексеріліп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Петер Мадьяр Мажарстанның жаңа премьер-министрі болғанын хабарлаған едік.