Мәжіліс депутаттары Ақтөбе облысында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты
Олар Бадамша ауылының орталық қазандығында болды. «Бадамша-Сервис» КММ директоры Меңдіғали Османовтың айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2 шақырым жылу торын жөндеу үшін 171 миллион теңге бөлінген. Жылу маусымына дейін барлық жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарлануда.
Бадамшадан соң депутаттар Косестек ауылына жол тартты. Онда қиыршық тас «Диабаз» құрылыс компаниясының жұмыстарымен танысты. Өндірісте 80 адам жұмыс істеуде, өнім күніне 30 мың куб метрді құрайды.
«Біз «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы құрылыс жұмыстарымен таныс болдық. Барлық жұмыстар жоспарға сай жасалуда. Соңғы жылдары аудандағы экономиканың өсуі байқалуда. 3 жылдан бері мұнда ұсақ тас өндіріледі. Шетелдік мамандармен қатар мұнда жергілікті тұрғындар еңбек етеді. Мәселен олар 15 күн жұмыс істеп, 150 мың теңге жалақы алады. Бұл ауылға үлкен көмек. Кеелсі жылы Орск-Ақтөбе, Атырау-Ақтөбе жолдарының құрылысына Қарғалының ұсақ тастары қолданылады. Жаңа жұмыс орындары ашылады», - деді Г.Щегельский.
Аудан әкімі Рахат Сыдықовтың айтуынша, қазір автожол құрылысының сметалық құжаттамасы дайындалуда. Құрылыс кезінде шамамен 1000 жұмыс орны ашылады.