Мәжіліс банктер туралы заңға Сенат жаңа редакцияда ұсынған баптармен келісті
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Заңға және оған ілеспе құжаттарға Сенат жаңа редакцияда ұсынған жекелеген баптармен келісті.
Заңның мақсаты — банк қызметін реттеу мен қадағалауды жетілдіру арқылы банк жүйесінің тұрақтылығын және орнықтылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ банк қызметтерін көрсетуге қолайлы жағдайлар жасау мен олардың сапасын арттыру үшін қаржы нарығында адал бәсекелестік пен инновацияларды ынталандыру.
Банк секторында бәсекелестікті ынталандыру мақсатында рұқсат етілген операциялардың көлемі мен реттеуші талаптардың деңгейі бойынша ерекшеленетін лицензиялардың базалық және әмбебап түрлерін енгізу ескерілген. Активтер бойынша белгіленген лимитке қол жеткізген кезде базалық лицензиясы бар банк банктік операциялардың барлық спектрін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін әмбебап лицензияға көшуге міндетті болады.
Исламдық қаржыландыруды дамытуды ынталандыру мақсатында дәстүрлі банктерге қолданыстағы лицензия аясында исламдық банк операцияларын жүзеге асыруға және исламдық банк операцияларын жүзеге асыруға қосымша лицензия алуға рұқсат етіледі. Бұл тәсіл банктерге шариғат қағидаттарын сақтауды қамтамасыз ете отырып, жеке заңды тұлға құру қажеттігінсіз көрсетілетін исламдық қаржылық қызметтерді ұсынуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ исламдық қызметті банктердің өзге қызметінен ұйымдық және есептік оқшаулау міндетті шарт болады.
Айта кетейік, Мәжіліс қабылдаған Заңға Сенат мынадай негізгі бағыттар бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізді:
— базалық банктік лицензиясы бар банкті әмбебап банктік лицензиясы бар банкке көшіру (қайта ресімдеу) кезінде пруденциалдық нормативтер мен лимиттерді сақтау жөніндегі талаптарды нақтылау;
— жеке және заңды тұлғалардың төлемдер мен ақша аударымдары бойынша нұсқауларын орындау бөлігінде қор биржалары мен клирингтік ұйымдардың құқықтылығын нақтылау;
— Қазақстан Республикасының бейрезидент-ислам банкі филиалының белгілі бір инвестициялық қызметті жүзеге асыру құқығын белгілеу;
— банктің директорлар кеңесінің мүшесі-тәуелсіз директоры саналатын немесе болуға ниеттенетін адамдарға қойылатын талаптарды нақтылау;
— мемлекеттік қазынашылық және мемлекеттік қазынашылық органдарына банк құпиясы жөніндегі талаптарды тарату;
— мүлікке билік етуге уақытша шектеу қоюға, мәмілелер жасауға және мүлікпен өзге де операциялар жасауға шектеулер қоюға, банк шоттарындағы жеке немесе заңды тұлғаның ақшасына және басқа да мүлкіне тыйым салуға жол берілмейтін қосымша жағдайларды белгілеу;
— деректер сөресін, ол қамтуы тиіс ақпарат тізбесін енгізу мақсаттарын регламенттеу, сондай-ақ дербес деректерді қорғауға және банк құпиясын сақтауға міндетті тұлғалар қатарын кеңейту. Деректер сөресі туралы нормаларды қолданысқа енгізу мерзімін 2026 жылғы 1 маусымнан 2027 жылғы 1 қаңтарға ауыстыру;
— төлемге қабілетсіз жүйелік маңызы бар банкті реттеуге арналған қаражат көзін нақтылау.
Осыған дейін төлемге қабілетсіз банктерді реттеудің жаңа тетігі енгізілетіні туралы хабарладық.