Мәжіліс бүгін бірқатар халықаралық келісімді қарайды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы өтеді. Онда депутаттар жаңартылатын энергия көздері және азаматтық қорғау салаларындағы халықаралық келісімдерді қарауды жоспарлап отыр.
Алдымен депутаттар 2024 жылғы 12 қарашада Бакуде қол қойылған Қазақстан мен Қытай Үкіметтері арасындағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісімді талқыға салады. Бұл құжат аясында Қарағанды, Түркістан және Павлодар облыстарында жалпы қуатты 1,8 ГВт болатын үш жел және бір күн электр стансасын салу қарастырылған.
Елімізде жаңартылатын энергия көздері саласы тұрақты дамып келеді. Бүгінде жалпы белгіленген қуаты 3,5 гигаватты құрайтын 162 ЖЭК нысаны жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 67 жел электр станциясы, 49 күн электр станциясы, 43 су электр станциясы және 3 биогаз электр станциясы бар.
2025 жылдың қорытындысы бойынша «таза» генерацияның үлесі 7%-ға жетіп, орнықты энергетикалық теңгерімге қарай оң динамиканы көрсетті. 2024 жылы ЖЭК үлесі елдегі электр энергиясының жалпы өндірісінің 6,43%-ын құраған болатын.
2025 жылы жалпы қуаты 503 МВт болатын 9 жаңа ЖЭК нысаны пайдалануға берілді. Оның ішінде: 5 жел электр станциясы –387 МВт, 3 күн электр станциясы — 90 МВт, 1 су электр станциясы — 26 МВт. Жаңа нысандар Қарағанды, Ұлытау, Ақтөбе, Жетісу, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында орналасқан.

Елімізде Total Eren, Masdar, China Power International Holding, China Energy сияқты стратегиялық инвесторлардың қатысуымен халықаралық жобалар жүзеге асырылады. Жалпы алғанда, 2035 жылға дейін Қазақстанда 8 ГВт-тан астам ЖЭК қуаттарын іске асыру жоспарланған. Бұл еліміздің тұрақты «жасыл» энергетикаға көшу, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту және ұлттық энергожүйенің тұрақтылығын арттыру бағытындағы жүйелі саясатын айқындайды.
Мәжілісмендердің талқылауына шығарылатын келесі құжат - 2024 жылғы 6 қарашада Бішкекте қол қойылған Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісім.
Бұл келісім ұйымға мүше мемлекеттер мен байқаушы елдердің, сондай-ақ басқа да мемлекеттер аумағында туындауы мүмкін зілзалалар мен төтенше жағдайларға ден қоюдың бірлескен тетігін құруды көздейді. Сондай-ақ құтқару бөлімшелерінің кәсіптік даярлық деңгейін арттыруға бағытталған. Жаңа тетік халықаралық ұйым форматында жұмыс істейтін болады. Тетіктің әкімшілік құрылымына Министрлер кеңесі мен Хатшылық кіреді. Құжатта көзделген шараларды іске асыру республикалық бюджеттен шығыстарды қажет етеді.

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар 2003 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан мен Қырғызстан Үкіметтері арасындағы Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялады. Оған тараптар 2024 жылғы 19 сәуірде Астана қаласында қол қойған.
Құжат бойынша негізгі баяндама жасаған Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, хаттама V Жоғарғы мемлекетаралық кеңес барысында Мемлекет басшылары қол қойған шешімді орындау аясында жасалған.
- Бұл құжат «Кеген-Қарқыра» автомобиль пунктінің жұмыс істеу тәртібін «жарық уақыттан» «тәулік бойына» ауыстыруды көздейді. Аталған шара өткізу қабілетін арттыруға, жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға және туризмнің дамуына оң әсерін тигізеді. Шекара арқылы 2025 жылы 11 миллион адам, 3 миллион көлік өткен. Аталған өзгерістер, екі ел арасындағы көлік-транзиттік қатынасты одан әрі дамытуға өз үлесін қосады деп есептейміз, - деді Нұрлан Сауранбаев.
Сондай-ақ 2016 жылғы 6 қазанда Монреаль қаласында қол қойылған Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның 50 а) және 56-баптарына түзетулер енгізу жөніндегі хаттамалар да Мәжіліс ратификациялады. Бұл құжаттарды да депутаттарға Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев таныстырды.
Құжат Қазақстан Республикасының Халықаралық Азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) органдарының құрамында өкілдігі туралы мәселені ілгерілету, сондай-ақ Республиканың халықаралық аренадағы имиджін жақсарту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.

- Осы өзгерістер арқылы Халықаралық Азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) Кеңестің құрамын 36-дан 40 мемлекетке дейін және Аэронавигациялық комиссияның құрамын 19-дан 21 мүшеге дейін арттырады. ИКАО Кеңесі — бұл ИКАО Ассамблеясымен 3 жыл мерзімге сайлайтын атқарушы орган. Ол халықаралық стандарттарды бекітеді, ИКАО-ның қазіргі қызметіне басшылық жасайды, мемлекеттер арасындағы дауларды қарайды және Ассамблея шешімдерінің орындалуын бақылайды. Аэронавигациялық комиссия — бұл ұшу қауіпсіздігі, әуе қозғалысын ұйымдастыру жауапты техникалық орган. Бұл ИКАО-ның органдарының мүшелерінің саны 30 жылдан астам өзгермеген. Осы уақытта ИКАО-ға кірген мемлекеттердің саны 160-тан 193-ке дейін көтерілді. Осыған байланысты ИКАО мүшелері өз мемлекеттерінде ратификацияны өткізу керек, - деді ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев.
Жалпы отырыс соңында депутаттар өзекті әлеуметтік және экономикалық тақырыптар бойынша мемлекеттік органдарға 7 депутаттық сауал жолдады. Айталық, Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге сауал жолдаған Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев елімізде аграрлық әлеует зор болғанымен, бірқатар негізгі азық-түлік тауарлары бойынша импортқа тәуелділік әлі де сақталып отырғанына алаңдаушылық танытты.
- Елімізде аграрлық әлеует зор болғанымен, бірқатар негізгі азық-түлік тауарлары бойынша импортқа тәуелділік әлі де сақталып отыр. Өңдеу өнеркәсібінің жеткілікті дамымауы, сақтау және логистика жүйесінің әлсіздігі, ауыл шаруашылығы өндірушілерін ұзақ мерзімді әрі әділ бағамен өткізу тетіктерінің болмауы – осы саланың жүйелі проблемаларына айналып, ауыл экономикасының әлсіреуіне әкелетін қауіп төндіріп отыр, - деді мәжілісмен.

Ал Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан жол құрылысы саласында қордаланған мәселелерді жүйелі шешу үшін Үкіметтен төмендегі шараларды жедел түрде қолға алуды сұрады:
- жол сапасын мемлекеттік бақылауды күшейту: құрылыс материалдарының сапасы, жоба-сметалық құжаттаманың сақталуы және құрылыс нормалары бойынша тұрақты әрі нақты мониторинг жүргізу;
- тәуелсіз халықаралық сараптама институтын енгізу: ірі жобаларға және пайдалануға берілген жолдарға тәуелсіз аудит жүргізу;
- мерзімге қатаң бақылау тетігін енгізу: әр жоба кезеңі бойынша нақты кесте бекітіп, кешігу үшін жеке жауапкершілік белгілеу;
- құрылыс барысын онлайн бақылау жүйесін құру: халыққа ашық цифрлық платформа арқылы әр жоба бойынша жұмыс барысын көрсету;
- мерзім мен сапа талаптары бұзылған жағдайда қатаң санкциялар қолдану: айыппұл салу, мемлекеттік тапсырыстан шеттету, лицензиялық шектеулер енгізу;
- бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету: әр жоба бойынша шығындардың ашық есебін жүргізу, артық шығындарды анықтау.
- құрылыс тендерлерінің ашықтығын қамтамасыз ету: фаворитизм мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау.
- жол қауіпсіздігі инфрақұрылымын күшейту: жол белгілері, жарықтандыру, жаяу жүргінші өткелдері, авариялық аймақтарды халықаралық стандарттарға сай жабдықтау.
- Бұл шаралар азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғап қана қоймай, Қазақстанды Орталық Азиядағы жетекші көлік-логистика хабына айналдыруға нақты серпін береді деп сенеміз, - деді ол.