Мәжіліс Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілетін кеңейтетін заң жобасын мақұлдады

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс заңнамаға қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға тосқауылдарды жетілдіруге арналған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасы
Фото: Виктор Федюнин/ҚазАқпарат ХАА

Бұл заң жобасы Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілет аясын кеңейтіп, коммерциялық емес ұйымдардың күдікті операцияларын талдап, мониторинг жүргізуге міндеттейді. 

— Бұдан басқа ұялы байланыс операторлары мен Азаматтарға арналған үкімет қаржылық мониторингтің жаңа субъектілері болады. Ұялы байланыс операторлары мобильді теңгерімді толықтыру туралы, ал Азаматтарға арналған үкімет нотариустардағы мәмілелерге ұқсас жылжымайтын мүлік пен 50 млн теңгеден астам сомаға жасалатын мәмілелер туралы ақпарат беретін болады. Бұл нормалар күдікті операцияларды тиімдірек анықтап, жолын кесуге ықпал етеді, — деді агенттік төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов.

Бұл құжат құны 5 млн теңгеден асатын цифрлық активтер операцияларының бәрін Қаржылық мониторинг агенттігінің бақылауына беруді көздейді.

— Мәдени құндылықтарды қолма-қол ақша нысанында сатып алу (сату), мәдени құндылықтарды Қазақстанға әкелу не Қазақстаннан әкету жөніндегі операциялардың шегін 45 млн теңгеден 1 млн теңгеге дейін төмендету ұсынылады, — деді Жеңіс Елемесов.

Құжатты талқылау кезінде Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары қазақстандықтардың 15 млрд доллардың криптоактивін көлеңкелі аймақтан сатып алғаны туралы мәліметке пікір білдірді. 

Сондай-ақ, депутат Бақытжан Базарбек Astana Hub, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры, «Жасыл даму» акционерлік қоғамы сияқты мекемелерді де заңсыз активтерді жылыстату тұрғысынан қаржылық мониторинг аясына алуда талап етті. 

Еске салсақ, Мәжіліс ақпан айында ғана ақшаны жылыстатуға қарсы күрес туралы заң қабылдаған болатын. 

Соңғы жаңалықтар