Мәжіліс Сенат кері қайтарған жаңа Салық кодексін қайта талқылайды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар бірқатар заң жобасын талқыға салады. Олардың арасында күні кеше Сенат түзетулер енгізіп, кері қайтарған жаңа Салық кодексі де бар.

Айта кетейік, 20 маусымда Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен бюро отырысы өтіп, бүгінгі жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.
Сонымен депутаттар отырыста 2017 жылғы 11 сәуірдегі Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын қарайды. Хаттамада сыртқы электрондық сауданы реттеуге қатысты ережелер қарастырылған. Оның ішінде, кедендік реттеу саласындағы жаңа қызмет түрін – электрондық сауда тауарларын кедендік декларациялау және сақтау процесін қамтамасыз ете отырып, интернет алаңдарымен және кеден органдарымен өзара іс-әрекетті жүзеге асыратын электрондық сауда операторын құру көзделеді.
Заң жобасы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин сөз сөйлейді.
Ал Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Берік Бейсенғалиев Салық кодексінің және оған ілеспе заңның Сенат жаңа редакцияда ұсынған жекелеген баптары жөнінде баяндама жасайды.
Аталған заңды осы дүйсенбіде Сенат қарап, сенаторлар тиісті түзетулермен Мәжіліске қайтарған еді.
Мәжіліс қабылдаған Кодекске мынадай негізгі бағыттар бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек:
- шаруа немесе фермер қожалықтарының (ШФҚ) кірістері бойынша жеке табыс салығына (ЖТС) прогрессивті салық салуды енгізу;
- Қазақстан қор биржасы (бұдан әрі – KASE) мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасы арасындағы төрелікті болдырмау мақсатында KASE-де бағалы қағаздардың айналысына байланысты азаматтардың табыстары бойынша дивидендтерді ЖТС-тан босату бойынша салық жеңілдігі ұсынылды;
- төлем карточкаларына байланысты операцияларды қосылған құн салығынан (ҚҚС) босату бойынша жеңілдік көзделеді. Қазақстандық банктердің клиенттеріне қызмет көрсету бойынша халықаралық төлем жүйелерімен қиындықтарды болдырмау және карталармен төлем жасау кезінде транзакциялар құнының қымбаттауын болдырмау үшін қолданыстағы жеңілдікті сақтау қажет;
- сән-салтанат заттарына салық салу бойынша жеке нормалар белгіленеді. Жеке тұлғалар ғана сән-салтанат заттарына акциз төлеушілер болады. Бұл ретте автомобильдер, кемелер және ұшу аппараттары сияқты сән-салтанат заттарына салық салу олардың импорты кезінде ғана емес, егер олардың құны шекті сомадан артық болса (автомобильдер үшін – 75 млн теңгеден астам, кемелер мен ұшу аппараттары үшін – 100 млн теңгеден астам), оларды ел ішінде сату кезінде де салық салынады;
- бейрезиденттер үшін мемлекеттік бағалы қағаздармен (МБҚ) жасалатын айналымға байланысты кірістер бойынша қолданыстағы салық жеңілдіктерін сақтау ұсынылды. МБҚ нарығына шетелдік инвесторларды тарту инвесторлық базаны әртараптандыру және бюджет тапшылығын тұрақты қаржыландыру үшін негізгі бағыт болады. Сондықтан МБҚ айналымдарынан бейрезиденттердің кірістеріне салық салуды енгізу капиталдың кетуіне әкелуі мүмкін;
- салық салу объектісіне, салық базасына, салық төлеушілердің (салық агенттерінің) санаттарын ұлғайтуға, шегерімнің немесе жеңілдіктердің күшін жоюға немесе азайтуға қатысты Салық кодексіне өзгерістер ағымдағы жылдың 1 шілдесінен кешіктірілмей қабылданатын және олар қабылданған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан кейін қолданысқа енгізілетін толықтыру ұсынылған;
- мүгедектігі бар адамдар саналатын жұмыскерлер саны кемінде 10 адамды құрайтын кәсіпорындарда тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналымдарды ҚҚС-тан босататын норма көзделеді;
- отандық мерзімді баспа басылымдарын өткізу бойынша айналымға 10% мөлшерінде ҚҚС мөлшерлемесі белгіленеді;
- әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізу бойынша айналымдарды ҚҚС салудан босату жөніндегі норманы алып тастау ұсынылды.
Сенат жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, Мәжіліске қайтарған келесі заң құқық қорғау қызметін жетілдіру, құқық қорғау мен азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін және әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету, сондай-ақ ішкі істер органдарының қызметі саласында артық заңнамалық регламенттеуді болғызбауға қатысты.
Заңның мақсаты - мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыру, заң мен тәртіп қағидасын ілгерілету, ішкі істер органдарының қызметіндегі артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау, құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік, азаматтық қорғау органдары қызметкерлері мен әскери қызметшілерді, тұрғын үймен қамтамасыз ету және әлеуметтік қорғаудың тетігін жетілдіру үшін қолданыстағы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар жасау.
Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарап, Сенатқа жолдады.

Үкімет есебін талқылау кезінде Қаржы министрі Мәди Такиев республикалық бюджеттің кірістері жылдық жоспардан 97,2 пайызға орындалып, бюджетке 19,6 трлн теңге түскенін айтты. Оның ішінде, республикалық бюджеттің меншікті кірістері - (трансферттерді есепке алмағанда) 13,5 трлн теңге. Жоспар 608,6 млрд теңгеге орындалмады. Кірістер бойынша түсімдердің төмендеуіне мына факторлар әсер етті:
- біріншіден, әлемдік геосаяси жағдайға байланысты кейбір өндіріс көлемінің қысқаруы мен логистикалық шығындардың өсуіне байланысты 188 ірі кәсіпорын бойынша түсімдер 1,4 трлн теңгеге азайды;
- екіншіден, бюджет есебінен 1 трлн 216 млрд теңге сомасында қосылған құн салығын рекордты мөлшерде қайтару орын алды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 3 есе көп.
- үшіншіден, есепті жылы негізгі экспорттық металдар бағасының құбылмалығы сақталды. Мысалы, мырыш бағасы 22%-ға, алюминий 8%-ға төмендеді;
- төртіншіден, үшінші елдерден келетін импорт көлемі 2 млрд АҚШ долларына азайды.
Ал Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловтың айтуынша, 2024 жылы кірістер бойынша болжам бастапқыда бекітілген жоспардан 2 трлн теңгеге төмендетілген. Бірақ, нақтыланған жоспар да 609 млрд теңгеге орындалмаған.

- 249 ірі салық төлеушіге мониторинг жүйесіз жүргізіледі. Нәтижесінде қосымша есептелген сома небәрі 643 млн теңге немесе ірі салық төлеушілерден түскен түсімдердің 0,01%-ы ғана болды. Жалпы 2024 жылы салық жинау көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 4,7% төмендеген, - деді ол.
Талқылау кезінде Қазақстан халық партиясы мен «Ақжол» партиясының, Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның төрағалары өз фракиялары Үкіметтің есебін қабылдаудан бас тартатындарын мәлімдеді. Жалпы отырысқа қатысқан 91 депутаттың 72-сі жақтап дауыс берсе, 17 депутат қарсы дауыс берді, тағы 2 депутат қалыс қалды.

- Биыл өкінішке қарай бюджеттің кіріс бөлігін жоспарлау мен орындауда кеткен кемшіліктерге байланысты мәселелер туындап отыр. Соның салдарынан Ұлттық қордан қаражат алу мен сырттан қарыз алу көлемі артып келеді. Депутаттардың бұл алаңдаушылығы орынды деп санаймын. Тиісті мемлекеттік органдар осы мәселе бойынша қорытынды жасалулары керек. Өзгерістер қағаз бетінде қалып қоймауға тиіс. Оны еліміздің әр тұрғыны, әр отбасы сезінуі керек. Сөз соңында бюджетті атқаруға қатысты айтылған бүгінгі ұсыныстарға Үкімет баса мән беруі қажет екеніне тағы да назар аударғым келеді. Бұл мәселе әрдайым депутаттардың бақылауында болады, — деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.
Мұнан бөлек, депутаттар қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қарсы күрес туралы заңды екінші оқылымда қабылдады.
Талқылау кезінде депутаттар екінші оқылымда заңға мынадай нормаларды енгізді:
- мәдени құндылықтарды қолма-қол ақшалай сатып алу (сату), мәдени құндылықтарды Қазақстан Республикасына әкелу немесе Қазақстан Республикасынан әкету операциялары бойынша шекті 45 млн теңгеден 1 млн теңгеге дейін төмендетуге;
- сомасы 5 млн теңгеге тең немесе одан асатын, қаржылық мониторингке жататын цифрлық активтермен жасалатын операциялар үшін шекті белгілеуге;
- қаржылық мониторинг жөніндегі уәкілетті органның коммерциялық емес ұйымдардың кірістерді заңдастыру (жылыстату), терроризмді қаржыландыру және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыру қаупін анықтау тұрғысынан күдікті операцияларына талдау және мониторинг жүргізуіне;
- қаржы мекемесінің басшысы лауазымына үміткер кандидаттың іс-әрекеттері бұрын қылмыстық кірістерді жылыстатуға, терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға ықпал еткен адамдармен байланысының болуын міндетті тексеруді енгізуге;
- меншік иесі — заңды тұлғада қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстату, терроризмді қаржыландыру және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыру саласындағы қылмыстары үшін алынбаған немесе өтелмеген соттылығының болмауы бойынша талап енгізуге;
- «жаппай қырып-жою қаруын қаржыландыру» ұғымын енгізуге;
- Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын қаржылық мониторингке жататын субъектілер тізбесіне енгізуге;
- көлеңкелі банктер құруға тыйым салуды енгізуге;
- қаржылық мониторинг субъектілеріне тиісінше тексеру рәсімдерін жүргізу кезінде скорингтік жүйені енгізуге;
- қаржылық мониторинг субъектілеріне қашықтан мониторингтеуді енгізуге;
- мемлекеттік органдар үшін қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату), терроризмді қаржыландыру және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыру қаупіне үш жылда бір рет секторлық бағалау жүргізу міндеттерін енгізуге қатысты нормалар.
Сондай-ақ мәжілісмендер Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, бұл келісім «Қазақстан экономикасын инклюзивті дамыту үшін дайындалған жедел цифрландыру» жобасы аясында жасалып отыр. Осылайша еліміз аталған банктен мыңнан астам шалғай ауылға талшықты-оптикалық байланыс желілері мен кеңжолақты интернет тарту үшін 84 млрд теңге қарыз алады.
Талқылау соңында Халықаралық қайта құру және даму банкінен қарыз алу туралы келісімді ратификациялауды 88 депутаттың 77-сі жақтады, 5-еуі – қарсы болып, 6 депутат қалыс қалды. Осылайша, көпшілік дауыспен шешім қабылданды.
Отырыс соңында Мәжіліс Қазақстан Республикасының орнықты дамуы саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын мониторингілеу жөніндегі парламенттік комиссияның жаңартылған құрамын бекітті. Оның құрамына бұрынғы депутаттар Асқар Садықов пен Гауһар Танашеваның орнына Серік Ерубаев пен Ирина Смирнова кірді. Комиссия құрамын Мәжілістен жасақтау кезінде барлық саяси партия фракцияларының өкілдері ескерілді.