Мәжіліс Су кодексінің жобасын талқылауды бастайды
АСТАНА. KAZINFORM - Парламент Мәжілісінің қарауына ҚР Су кодексінің жобасы мен ілеспе заң жобасы келіп түсті.

«Биылғы 17 қаңтарда Парламент Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті Мемлекет басшысының 2022 жылғы 8 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына сәйкес әзірленген Су кодексінің жобасын және ілеспе заң жобасын талқылауға қабылдады. Сонымен қатар, жалпы су пайдаланудың 60 пайыздан астамы ауыл шаруашылығы саласының үлесіне келетінін ескеретін болсақ, Су кодексінің жобасын, сондай-ақ салалық Министрліктің мәселелерін Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің қарауына беруді орынды деп санаймыз. Осы ұсыныс Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетімен келісілді. Жоғарыда айтылғандар негізінде, Комитет заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеуге дайын», - деді Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев палатаның жалпы отырысында.
Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Айтуар Асқарұлы Қошмамбетов депутат ретінде ант берді.