Мәжіліс Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есебін тыңдайды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет пен Жоғары аудиторлық палата Мәжілісте өткен жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп береді.

Айта кетейік, 13 маусымда Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен палата бюросы өтіп, онда жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланған еді.
Сонымен бүгін Мәжіліс депутаттары 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Жоғары аудиторлық палатаның есептерін тыңдайды. Негізгі баяндамашылар: Қаржы министрі Мәди Такиев пен Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов.

Алдын ала бағалау бойынша 2024 жылы жалпы ішкі өнім өсімі 4,8 пайыз болды. Бұл - елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының бекітілген болжамынан 0,5 пайыздық тармаққа төмен.
Үкіметтің мәліметінше, былтыр республикалық бюджеттің кірісі - 19,6 трлн теңге немесе жоспардың 97,2 пайызы, шығысы - 23 трлн теңге немесе жоспардың 98,4 пайызы, ал тапшылық - 3,6 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімнің 2,7 пайызы көлемінде болды. 2024 жылы Ұлттық қорға түскен қаражат - 3,8 трлн теңге немесе жоспардың 85 пайызына тең.
Жоғары аудиторлық палатаның деректеріне қарағанда, 2024 жылы талаптарды бұзу 862 млрд теңге сомасында анықталған. Сонымен бірге бюджет қаражаты мен активтерін тиімсіз пайдалану көлемі екі есеге жуық өскен.
Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын екінші оқылымда талқыға салады. Бұл құжат 28 мамырда 1-оқылымда мақұлданған еді.
Заң жобасы Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілет аясын кеңейтіп, коммерциялық емес ұйымдардың күдікті операцияларын талдап, мониторинг жүргізуге міндеттейді. Ұялы байланыс операторлары мен Азаматтарға арналған үкімет қаржылық мониторингтің жаңа субъектілері болады. Ұялы байланыс операторлары мобильді теңгерімді толықтыру туралы, ал Азаматтарға арналған үкімет нотариустардағы мәмілелерге ұқсас жылжымайтын мүлік пен 50 млн теңгеден астам сомаға жасалатын мәмілелер туралы ақпарат береді. Бұл нормалар күдікті операцияларды тиімдірек анықтап, жолын кесуге ықпал етеді. Заң жобасы бойынша Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы Мұрат Ергешбаев баяндама жасайды.
Мұнан бөлек, Мәжіліс депутаттары Қазақстан Республикасының орнықты дамуы саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын мониторингілеу жөніндегі парламенттік комиссияның құрамын бекітеді. Комиссия құрамын Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт Рау жариялайды.

Өткен аптадағы Мәжілістің жалпы отырысында бір топ депутат әзірлеген «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заң қабылданды.
Заңда азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне айтарлықтай қатер төндірмейтін қылмыстар жасағаны үшін сотталғандарды босату, атап айтқанда:
- қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар жасағандарды,
- залал келтіруге алып келмеген немесе оны толық өтеген ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдарды,
- залалдың немесе азаматтық талап қоюдың бар-жоғына қарамастан, ауырлығы орташа қылмыс жасаған әлеуметтік жағынан осал адамдарды босату ескерілген.
Сонымен қатар, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылатын адамдар осы заң жобасы қолданысқа енгізілгенге дейін жасаған қылмыстар туралы қылмыстық істерді, оның ішінде соттарда қаралмаған қылмыстық істерді тоқтату қарастырылған. Бұдан бөлек, сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде иемденгені немесе талан-таражға салғаны, сондай-ақ алаяқтық жасағаны үшін сотталған адамдарға қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген залалды және оларға қойылған талап-арызды толық өтеген жағдайда, негізгі жазаның өтелмеген немесе орындалмаған бөлігінің мерзімдерін немесе мөлшерін бестен бір бөлігіне қысқарту ескерілген.
Ал денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу секілді қылмыстық құқық бұзушылықтардың қылмыстық сипат берілген жаңа құрамдарына, мемлекеттік құпияларды заңсыз жария етуге байланысты қылмыстарға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасаған адамдарға рақымшылықты қолдануда шектеуді белгілеу енгізіледі.
Қазіргі кезде бас бостандығынан айыру түріндегі жазаларды орындау жөніндегі қылмыстық атқару жүйесіндегі 63 мекемесінде, 16 тергеу изоляторында 40 мыңнан астам адам қамауда отыр. Олардың ішінде 33 мыңы сотталған және 7 мыңы тергеу қамауында.
- Бұдан басқа, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларға сотталған 27 мыңнан астам адам пробация қызметінің есебінде тұр. Алдын ала есептеулерге сәйкес, рақымшылық жасауға бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын 6 мың сотталған және пробация қызметінің есебінде тұрған 9 мың адам, яғни барлығы 15 мың адам қамтылады, - деді Мәжіліс депутаты Абзал Құспан.

Оның айтуынша, қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінен шамамен 632 адам, сондай-ақ пробация қызметінің есебіндегі 3,5 мың сотталған, барлығы 4 мың 100 адам бостандыққа шығады.
- Одан бөлек, бұған дейін еш жерде жарияланбаған тың мәлімет ретінде айта кетейін. Жұмыс тобының соңғы отырысында депутаттардың ұсынысымен рақымшылық актісін жүзеге асыру барысында қылмыстық жазасын өтеуге соңғы бір жыл қалған, оң мінезделетін 1 700-ден астам сотталғанның босап шығуы көзделген. Ол өзгеріс заң жобасының екінші және үшінші бабында ескерілген, - деді депутат.
Бас бостандығынан айыру орындарындағы 5 400 сотталған адамға және пробация қызметінің есебінде тұрған 5 500 адамға жазаның өтелмеген мерзімін саралап қысқарту қолданылады. Мерзімдерді қысқарту 11 мың адамды қамтиды.
- Сонымен қатар, рақымшылық жасау әрекетіне әлеуметтік жағынан осал адамдар санатынан 629 адам (2 мың 373 мың адам ішінде), яғни оның 57-сі босату арқылы және 572-сі мерзімін қысқарту арқылы қамтылады. Рақымшылық жасау туралы заң жобасы 833 әйелге қатысты. Оның арасында 109-ы босатылса, 724 әйелдің мерзімі қысқартылады, - деді А. Құспан.
Мұнан бөлек, Мәжіліс «Кейбір заңнамалық актілерге қаржы нарығын дамыту, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, байланыс және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» Заңында Сенаттың жаңа редакцияда ұсынған жекелеген баптарымен келісті.
Сенат енгізген түзетулер қаржы нарығын реттеуді жетілдіруге және алаяқтыққа қарсы іс-қимылға бағытталған.

- Ұялы байланыс операторларына алаяқтыққа қарсы ішкі жүйелерді құру және рұқсат етілмеген трафикті бұғаттау міндетін енгізу ескерілген. Мұнымен қоса, ұялы байланыс операторларына алаяқтық қоңыраулар жасалған абоненттік нөмірлерді бұғаттау және олар туралы ақпаратты ҚР Ұлттық банкінің Антифрод орталығына беру міндетін енгізу қарастырылған. Телефон нөмірінен алаяқтық әрекет анықталған кезде, осы абоненттік нөмірге байланыс қызметін көрсету тоқтатылады. Баяндалғанды ескере отырып, Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті Парламент Мәжілісіне Сенаттың өзгерістерімен және толықтыруларымен келісуді ұсынады, - деді Мәжіліс депутаты Ерлан Стамбеков.
Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға 15 депутаттық сауал жолдады. Мәселен, Мәжіліс депутаты Асылбек Нұралин Астанада жұмыс күні басталатын уақытты сағат 9-дан 7-ге ауыстыруды, ал Әділ Жұбанов «Самұрық-Қазына» қорының және еншілес кәсіпорындарының жұмысына сырттан тәуелсіз әрі халықаралық сарапшыларды тарта отырып, жан-жақты аудит жүргізуді ұсынған еді.