Мәжіліс заң қабылдады: адвокаттың құқықтары кеңейтіліп, «дроперлік» үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралып, қабылданды.

- Ұсынылып отырған жаңа заң жобасы — соңғы жылдардағы ең ауқымды және мазмұндық жағынан күрделі өзгерістерді қамтитын бастама. Аталған құжат арқылы қылмыстық заңнама жүйеленіп, бірізділікке түседі және заңнамалық тұрақтылық қамтамасыз етіледі деп есептеймін, - деді депутат Абзал Құспан.
Заңның негізгі бағыттары:
I. Азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды күшейту
* Экономикалық даулар бойынша қылмыстық істерді негізсіз тіркеуді жою.
* Істерді қосымша тергеу үшін прокурорға қайтаруға тыйым салу.
* Кәсіпкерлік қызметті тексеруді прокурордың міндетті түрде бекітуі.
* Тінту және тәркілеу санкцияларының ақылға қонымды мерзімдерін белгілеу.
* «Қорғауға құқығы бар куәгерді» қорғау.
* Экономикалық қылмыстар үшін бас бостандығынан айырудың орнына бірнеше еселенген айыппұлдарды енгізу.
II. Қылмыстық процестің бәсекелестік сипатын күшейту
* Адвокаттардың құқықтарын кеңейту (қорғау актісі, іс материалдарымен танысу).
* Сотқа балама қорғау позициясын ұсыну мүмкіндігі.
III. Қылмыстық іс жүргізуді оңтайландыру
* Прокурордың резолюциясы бойынша (жеке қаулысыз) сотқа тарту.
* Қашықтан беттестіру (онлайн тәртіпте цифрлық технология арқылы) мүмкіндігі.
* Жәбірленушінің орналасқан жері бойынша тергеу жүргізу (Интернет қылмыстар бойынша).
- Сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу, яғни заңсыз қудалау, адамға үрей тудыратын әрекеттер, оның ішінде отбасындағы жағдайлар ескеріледі. Сонымен қатар, банк карталары мен шоттарды заңсыз бергені үшін жауапкершілік болады. Бұл өз кезегінде ақшаны жылыстату схемаларында дропперлерді пайдалануға қарсы шара. Мәжбүрлеп некеге тұрғызғаны үшін қылмыстық жауапкершілік ескерілген. Осы жеке қылмыс құрамы адам ұрлау және сексуалдық зорлық-зомбылық тұрғысында өзекті, - деді депутат.
Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мәліметіне қарағанда, аталған құжатта қылмыстық жауаптылықты белгілеуге, жаза тағайындауға және қылмыстық-құқықтық ықпал етудің өзге де шараларына, үкімнің орындалуына байланысты қоғамдық қатынастар реттеледі.
Атап айтқанда, заң жобасында азаматтарды қылмыстық қудалау орбитасына негізсіз тартуды болғызбайтын нормалар көзделген. Адвокаттарға айыптау актісіне қарама-қарсы құжатты – қорғау актісін сотқа енгізу құқығы беріледі.
Қамаққа алу, елден шығарып жіберу, мүлікті тәркілеу сияқты қылмыстық жазалардың қолданыстағы түрлерінің ерекшеліктері қайта қаралады. Заң жобасында шартты түрде мерзімінен бұрын босату, жазаны ауыстыру, қылмыстық жауаптылықтан босату, шартты түрде соттау сияқты қылмыстық заңнама институттарын қолдану тетіктерін жетілдіру бойынша түзетулер көзделген.
Заң жобасын жұмыс тобының отырыстарында қарау барысында Парламент Мәжілісінің депутаттары бірқатар түзету енгізді:
- өмір бойына бас бостандығынан айыру қолданылмайтын адамдар санаттары кеңейтілді.
- некеге тұруға мәжбүрлегені үшін, сондай-ақ «дроперлік» (кибер-алаяқтықты жүзеге асыру мақсатында алаяқтар үшін жалған төлем дроп-карталарын ұсыну) үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді;
- өздеріне қатысты шартты түрде мерзімінен бұрын босату қолданылуы мүмкін адамдардың тізбесі мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған адамдармен толықтырылды;
- шегілмейтін темекі бұйымдары мен вейптерді сату не тарату мақсатында сақтағаны, жөнелткені және тасымалдағаны үшін қылмыстық жауаптылық белгіленді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, интернет алаяқтарға құрбандық тауып беретін дропперлерге қылмыстық жаза күшейтіледі.