Мәжіліс заң қабылдады: Қазақстан мен Қырғызстан одақтастықты тереңдетеді
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартты ратификациялау туралы» заңы қабылданды.

Бұл шартқа 2024 жылғы 19 сәуірде Астанада қол қойылды.
Шарттың мақсаты - қазақ-қырғыз ынтымақтастығының кешенді дамуына қосымша серпін беру. Құжатта саяси, әскери, сауда-экономикалық, инвестициялық, ауыл шаруашылығы, көлік-транзит, су-энергетика, білім беру, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту және екіжақты өзара іс-қимылды кешенді дамыту ескерілген.
- Осы құжат ары қарай барлық бағытта жұмыс істеуге, одақтастықты жан-жақты тереңдетуге арналған. Құжат Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Жоғары мемлекетаралық кеңес аясындағы, сондай-ақ парламентаралық байланыстарды нығайтуға жәрдемдеседі. Геосаяси тұрақсыздық жағдайында осы шартты ратификациялау - саяси диалогты, қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы өзара іс-қимылды дамыту және екі мемлекеттің орнықты дамуы үшін берік негіз болады. Қырғыз жағы ратификация рәсімдерін аяқтағаны туралы 2024 жылдың 17 желтоқсанында хабарлады. Бұл шарт халықтарымыздың түбегейлі мүдделеріне сай келеді деп баяндаймыз, - деді Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин.
Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мәліметіне қарағанда, тараптар терроризмді, экстремизмді және сепаратизмді, сондай-ақ трансұлттық ұйымдасқан қылмысты, киберқылмысты, заңсыз көші-қонды, адам саудасын, қару-жарақтың, есірткінің, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымын қоса алғанда, қауіпсіздіктің қазіргі заманғы сын-тегеуріндер мен қатерлерге қарсы іс-қимылдағы ынтымақтастықты кеңейтеді және тереңдетеді.
Еске салсақ, былтыр Қырғызстанда Қазақстанмен одақтастық туралы шарт ратификацияланғанын жазған едік.
Жақында Қазақстан мен Қырғызстан ақындары Еуропа төрінде айтысқанын жазған едік. Достастық кездесу 2015 жылы ЮНЕСКО-ның материалдық емес құндылықтарының тізіміне енген, екі елге ортақ теңдессіз өнердің 10 жылдығына орайы ұйымдастырылды.