Мәжіліс заң қабылдады: Қазақстанда несиені есептен шығарудың жаңа талаптары айқындалды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту және қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды.

Мәжіліс заң қабылдады: Қазақстанда несиені есептен шығарудың жаңа талаптары айқындалды
Фото: pixabay.com

Бұл құжат Парламент Мәжілісіне 2024 жылғы 9 қаңтарда енгізіліп, 2024 жылғы 16 қазанда бірінші оқылымда мақұлданды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатовтың айтуынша, қолданыстағы норма бойынша алаяқтардың кесірінен рәсімделген несиелерді есептен шығару тек сот шешімімен жүзеге асады. Бүгін қабылданған заңда сотқа дейінгі есептен шығарудың жаңа негіздері ұсынылды. Мәселен, кредит алуға алғаш рет жүгінген азаматтардың банк бөлімшесінде немесе микроқаржы ұйымында міндетті түрде өзінің қатысуы бойынша талабы енгізілді.

Сонымен қатар, кепілсіз онлайн-кредиттерді беру кезінде «салқындату» кезеңі (жиырма төрт сағат) ескерілген, яғни осы 24 сағат ішінде қарыз алған адамға осы несиеден бас тартуға мүмкіндік беріледі.

Оның сөзіне қарағанда, азаматтардың жекелеген санаттарына, яғни несие беруге қосымша келісім алуға тиісті талаптар белгіледі. Бұл талаптар бұзылған жағдайда, банктер немесе микроқаржы ұйымдары сотқа дейін бұл несиелерді есептен шығаруы керек.

— Сонымен қатар, заң аясында банктер немесе микроқаржы ұйымдары биометриялық сәйкестендіру рәсімін бұзғанда, клиенттің жеке басын куәландыратын мәліметтерді заңсыз пайдаланған жағдайда, қарызды сот тәртібімен есептен шығару негіздері кеңейтілді, — деді агенттік өкілі.

Бұл ретте, осы кемшіліктер анықталса, онда банктер мұндай кредиттерді есептен шығаруы тиіс.

Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мәліметіне қарағанда, тұтынушылардың құқықтарын қорғау және азаматтардың борыштық жүктемесін азайту мақсатында:

— мерзімді қызметті өткеру кезеңінде әскери қызметшілерге кредиттер мен микрокредиттер беруге тыйым салуды енгізуді;

— халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға, сондай-ақ төтенше жағдай енгізу салдарынан зардап шеккендерге қарыздар мен микрокредиттер бойынша кемінде 3 ай мерзімге міндетті түрде кейінге қалдыруды, сондай-ақ ай сайынғы төлемді 50 және одан да көп пайызға төмендетуді;

— банктік қарыздарды ішінара не мерзімінен бұрын өтегені үшін қарыз алушы-жеке тұлғалардан тұрақсыздық айыбын өндіріп алуды болғызбауды;

— тұтынушылардың кері байланысты уақтылы алуы үшін қаржы ұйымдарының клиенттердің өтініштерін қарау мерзімін 15 жұмыс күні ішінде деп белгілеуді;

— мемлекеттік бюджеттен төленетін төлемдерді және табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен азаматтарға арналған қайырымдылық ұйымдарынан түскен ақшаны үшінші тұлғалардың өндіріп алуынан қорғауды;

— банктік қарыз немесе микрокредит шарттары бойынша сақтандыру агенті комиссиясының шекті мөлшерін 10% шегінде белгілеуді;

— «Отбасы банк» АҚ-на мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде білім беру кредиттерін беру құқығын беруді;

— қаржы ұйымдарының ұлттық стандартты ескере отырып, мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету рәсімдерін, оның ішінде сенім білдірілген тұлға арқылы белгілеуін көздейтін түзетулер енгізді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, енді сырқаттанып қалғандар мен жұмысынан айырылғандар несиесін кейінге шегере алады.

 

Соңғы жаңалықтар