Мәжілісмен Altel, Tele2, Beeline компанияларының тариф саясатын «сөз байласу» фактісіне тексеруді сұрады

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінен Altel, Tele2, Beeline тариф саясатын тексеруді сұрады.

Жанарбек Әшімжан
Фото: Kazinform

— Таяуда Қазақстанның Altel, Tele2 және Beeline компаниялары ұялы телефонның абонент төлемін 20-пайызға өсіретіндігін мәлімдеді. Яғни, аталған операторлар интернеттің де тарифін 20-пайызға өсіреді деген сөз. Үш ірі оператордың тарифтерді бірдей көлемде, бір уақытта қымбаттатуы қоғамда үлкен күмән тудырып отыр. Бұл компаниялар арасындағы бәсекенің емес, өзара келісімнің, үйлесімнің, астыртын ақылдасудың белгісі емес пе, — деп сұрады депутат.

Жанарбек Әшімжан осы депутаттық сауалы арқылы аталған компаниялардың тариф саясатынан бағаны келісіп белгілеу белгісі бар-жоғын анықтау керек екенін айтады.

— Интернетті жеткізу, тарату секторларын монополиялық келісім фактілері бағытында кешенді тексеру жүргізу қажет. Аталған компаниялар өздерінің ұялы телефон интернет нарығындағы үстем жағдайын пайдалана отырып, өзара баға жөніндегі келісімнің бар-жоқтығын анықтау керек. Аталған компаниялар ұялы телефон, интернет нарығына заңсыз ерекше құқыққа ие. Бұл ерекше құқықты бұзу үшін осы нарыққа басқа қатысушыларды енгізу қажет, яғни бәсекелестікті арттыру керек, — деді Жанарбек Әшімжан.

Еске салсақ, биыл наурызда KCell, Tele2, Beeline компанияларының үстінен тариф көтеру туралы «сөз байласу» күдігімен тексеру басталып, мамыр айында тоқтатылған болатын. 

Соңғы жаңалықтар