Мәжілісте жасанды интеллект көмегімен жасалған туындыны «ЖИ» таңбасымен жариялау мәселесі пысықталып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ жасанды интеллект көмегімен жасалған туындыны «ЖИ» таңбасымен жариялау туралы ұсыныстарға пікір білдірді.

Үнзила Шапақ
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Мәжіліс жасанды интеллект туралы үш бірдей заңның жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжаттарды әзірлеп жатқан жұмыс тобының құрамында депутат Үнзила Шапақ та бар. Палатаның жалпы отырысынан кейін ол журналистерге аталған құжаттардың жаңашылдығын түсіндірген.

- Қазір жасанды интеллект көмегімен сурет салынады, өлең мен мақала жазылады. Заң арқылы осындай авторларды туындысына «ЖИ» таңбасын қоюға міндеттейсіздер ме? - деп сұрады журналист.

Депутат Үнзила Шапақ бұл мәселе «Жасанды интеллект» туралы заңның жобасын екінші оқылымға дайындау кезінде пысықталмақ.

- Жалпы жасанды интеллект көмегі адам пайдаланатын болса, туындыны әзірлеу үлесін есептейтін жағдай керек. Мысалы мен бір мақала жаздым дейік. Жазып болғаннан кейін оның грамматикасын, емлесін, стилистикасын жасанды интеллектіге тексертуім мүмкін. Мұндай жағдайда негізгі жұмысты мен істеген болып есептелемін. Ал жасанды интеллект тек корректордың қызметін атқарған. Мұндай кезде туынды авторы мен болып есептелемін. Ал енді туындыны толыққанды жасанды интеллект жасаса, оны адам өз атынан жарияласа, ол заңсыз болып есептелу керек, - дейді ол.

Оның сөзінше кейбір елдер жасанды интеллект көмегімен жасалған туындыға адамның қанша үлес қосқанын өлшеу тәсілдерін әзірлеп жатыр. Жұмыс тобы мұндай нұсқаны да пысықтап жатқан көрінеді.

- Жасанды интеллектіні пайдаланудың пайызбен өлшейтін критерийлері болады. Ал «ЖИ» таңбасын қоюға міндеттеу мәселесін дәл қазір айта алмаймын. Бұл тек жұмыс тобында талқыланып жатқан мәселе. Заң жобасы дайын болған кезде нақтыланады, - деді Үнзила Шапақ.

Айта кетейік, Мәжіліс жасанды интеллект туралы үш заңның жобасын мақұлдады.

Соңғы жаңалықтар