Мбаппе әлем чемпионатынан кейін ең қымбат ойыншы атанды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Франция құрамасы мен «ПСЖ» клубының шабуылшысы Килиан Мбаппе Қатарда өткен әлем чемпионатынан кейін ең қымбат ойыншы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Championat.com сайтынан мәлім еткеніндей, Transfermarkt интернет порталы біріншілік қорытындысы бойынша футболшылардың трансферлік құнын жаңартқан.

К.Мбаппенің бағасы 20 млн-ға өсіп, 160 млн-нан 180 млн еуроға жеткен. Ол бұл көрсеткіш жөнінен «Манчестер Сити» мен Норвегия құрамасының шабуылшысы Эрлинг Холандтан асып түсті.

Сондай-ақ Аргентина мен «Бенфика» клубының жартылай қорғаушысы Энцо Фернандестің құны 35 млн-нан 55 млн еуроға дейін өсті. Аргентина мен «Манчестер Сити» шабуылшысы Хулиан Альварестің трансфері 18 млн қосып, 50 млн еуроға бағаланып отыр.

Йошко Гвардиол (€ 75 млн, Хорватия, «РБ Лейпциг»), Коди Гакпо (€ 60 млн, Нидерланд, ПСВ) және Софьян Амрабаттың (€ 25 млн, Марокко, «Фиорентина») әрқайсысының құны 15 млн еуродан өсті. Гвардиол әлемдегі ең қымбат қорғаушы атанды.

Англия футболшылары Джуд Беллингем (€ 110 млн, «Боруссия» Дортмунд) мен Букайо Саканың (€ 100 млн, «Арсенал») бағасы 10 млн еуроға артты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын футболдан әлем чемпионатына қатысқан құрамалардың қанша сыйақы алатыны белгілі болғанын жазған едік.

Сондай-ақ Марокко құрамасының ойыншылары 25 млн еуро сыйақыны қайырымдылық мақсатына жұмсамақшы.

Лионель Месси Францияның «ПСЖ» клубында қалатын болды.

Бразилиялық Ришарлисонның Сербия қақпасына соққан голы үздік деп танылды.

Фото - Championat.com


Соңғы жаңалықтар