Медициналық көмекке ақы төлеудің бірыңғай жүйесі қашан іске қосылады

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжілісте МӘМС жүйесін одан әрі жетілдіру тақырыбына арналған Үкімет сағатында Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржанов Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы мониторинтегі кемшілікті атады.

врач
Фото: Астана әкімдігінің баспасөз қызметі

- Аудит қорытындысы бойынша Қор тарапынан медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне қатысты мониторинг тиісті деңгейде жүргізілмейтіндігі анықталды, - деді Н. Нұржанов.

Мәселен, Астана қаласындағы екі негізгі медициналық қызмет көрсетуші - «Салауатты Астана» және «Шипагер» медициналық ұйымдардың теңгерімінде ғимараты мен медициналық жабдықтардың жоқтығы;

- медициналық ұйымдарда тиісті медициналық қызмет көрсетуге қатысты лицензияларының болмауы;

- денсаулық сақтау объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылуы;

- қормен шарт жасасу кезінде күндізгі стационардың төсек қорын мәлімделгеннен асырып көрсетуі;

- медициналық ұйымға 2 мыңнан астам мүгедектің тіркелгендігіне қарамастан, оларға тиісті жағдайлар жасамау және тағы басқа да фактілері анықталды.

- Қор Медициналық қызмет көрсетушілерден қызметтерді сатып алу кезінде Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітілген ережелерді басшылыққа алады. Ережеге сәйкес, өнім беруші Тегін кепілдендірілген медициналық көмек және Медициналық сақтандыру аясында ұсынылатын медициналық көмек түрлері бойынша халыққа ақылы негізде қызметтер көрсетпеу туралы міндеттеме алады. Алайда Қор өнім берушінің осы қабылдаған міндеттемелерінің орындалуына мониторинг жүргізілмейтіндігі анықталып отыр. Өз кезегінде, Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша барлық мәлімет Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы басқаратын бірыңғай төлем жүйесіне ағылып келетіндіктен, оған Қор қол жеткізіп, ақылы қызметтерге мониторинг жүргізе алады деп көрсетіп отыр, - деді аудиторлық палата мүшесі.

Оның сөзіне қарағанда, аудит кезінде Бірыңғай төлем жүйесінің деректерінің «Ақылы қызметтер», «Медициналық сақтандыру және Тегін кепілдендірілген медициналық көмек есебінен төлеу» санаттары бойынша дербес салыстырмалы тексеру жүргізілді. Нәтижесінде, азаматтарға ақылы қызметтер есебінен де, Тегін кепілдендірілген медициналық көмек және Медициналық сақтандыру қаражаты есебінен де, яғни екі көзден 10 мыңнан астам қызмет көрсетіліп, 4,2 млрд теңге сомасында қаржы жұмсалып, сәйкессіздік орын алған.

Сондай-ақ медициналық қызметтерді бірлесіп орындаушылармен интеграцияланған және ашық ақпараттық жүйенің болмауы салдарынан 28 млрд теңгеге 56 млн-ға жуық көрсетілген медициналық қызметтердің расталмағаны анықталды.

- Бұл ретте, «2023 жылға арналған Медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру жөніндегі Жол картасында» көзделген «e-Densaulyq архитектурасында медициналық көмекке ақы төлеудің бірыңғай жүйесін» (МКБЖ) енгізу жөніндегі іс-шаралар іске асырылмаған. Оның мерзімі бірнеше рет ұзартылып, Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сәйкес 2025 жылдың бірінші тоқсанында ғана төрт өңірде «Келісімшарт», «Мониторинг», «Төлем» модульдерін пилоттық режимінде жүргізу қарастырылып отыр. Осылайша, аудит нәтижелері бойынша анықталған фактілер, әкелген ықтимал шығындар мен жіберіп алған пайда көлемі 34 млрд теңгені құрады. Осыған байланысты аталған материалдар Бас прокуратураға процессуалдық шешім қабылдау үшін жіберілді, - деді Нұрлан Нұржанов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2024 жылы Жоғары аудиторлық палата Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры және оның өңірлік филиалдары қызметінің тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізді.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаржылық моделінде бірқатар кемшілік анықталды.

 

Соңғы жаңалықтар