Мектеп формасына діни киім элементін қосуға рұқсат берілмейді – Атырау білім басқармасы

Әлеуметтік желіде Атыраудағы оқушы қыздардың мектепте орамал тағы мәселесін ата-аналар комиеті шешуі мүмкін деген ақпарат тарады.
Алайда, облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
«Мектеп формасына әртүрлі конфессияларға қатысты діни ағымның киім элементтерін қосуға жол берілмейді. Өйткені, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы «Орта білім беру мекемелері үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы» №26 бұйрығында әртүрлі діни бірлестіктер киімінің элементтерін мектеп формасына қосуға рұқсат етілмейді делінген. Осы бұйрыққа сәйкес орта білім беру ұйымдарының жалпыға міндетті мектеп формасы білім берудің зайырлы сипатында болуы керек. Мектеп формасының стилі, түсі классикалық үлгіде, бір түсті гаммада, үш түсті араластырудан аспайды. Ата-аналар комиеті, қамқоршылар кеңесі, мектеп әкімшілігі осы бұйрықты басшылыққа алады», -деді Ерлан Сламбеков.
Оның айтуынша, әлеуметтік желіде мектеп формасын енгізу үшін ата-аналар комитеті шешім қабылдайды деген ақпарат шындыққа жанаспайды.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын бірнеше мектептің оқушылары жөндеу жұмысына байланысты өзге білім ордасында оқитынын жазған едік.
Кейін облыс әкімі оқушыларды тасымалдайтын 23 автобус сатып алуға 1,1 млрд теңге бөлінгенін мәлім етті.
Сондай-ақ, бастауыш сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтуға 6,6 млн теңге қаралғанын хабарлаған едік.