Мектепке дейінгі тәрбиемен қамту бойынша 280 мың бала кезекте тұр - Е. Сағадиев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мектепке дейінгі тәрбиемен қамту бойынша 280 мың бала кезекте тұр. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында 2015 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебін талқылау барысында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев осылай мәлім етті.

Үкімет есебін талқылау барысында депутаттар балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз ету мәселесіндегі проблемаларды көтерген болатын. Келтірілген мәліметтерге қарағанда, еліміздегі 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету 82 пайызды құрайды. Дегенмен, былтыр 4,1 мың баланы қосымша қамту жүзеге аспай қалған. Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы орындар балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтуға бағытталған қаражаттың 191 млн. теңгесін игермеген. Нәтижесінде төрт мың бала балабақшаға бару мүмкіндігінен қағылып отыр.

«Қазіргі уақытта елімізде 280 мың бала балабақша орындарын күтіп, кезекте тұр. Бұны біз білеміз. «Балапан» бағдарламасын қаржыландыру жоспары бойынша 2013-2018 жыл аралығында қаржыландыру жыл сайын 20 пайыздан қосылып отырады. Ал былтырғы мәселеге келсек, балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету үшін жергілікті орындарға қаражат бөлінген болатын. Алайда, жергілікті орындар оны игеруге дайын болмай шықты», деді депутаттар сұрағына жауап берген Ерлан Сағадиев.  Министрдің сөзіне қарағанда, қазіргі күні жергілікті әкімдіктермен «Балапан» бағдарламасына қатысты бөлінетін қаражаттардың жай-жапсары түсіндіріліп жатыр. «Егер игерілмеу қаупі болатын болса, 2017 жылы жергілікті әкімдіктерге қаражат бөлінбейді», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар