Мектепке дейінгі білім беру: әр балаға тең мүмкіндік - Наталья Жұмаділдаева

Елімізде мектепке дейінгі білім беру саласында тың өзгерістер бар. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірлерде балабақшалар салынып жатыр. Басты міндет – орын тапшылығын жою, балабақша кезегін автоматтандыру, тәрбиешілерді әлеуметтік қолдау, тәрбие беру ісіндегі жаңашылдықтар қолға алу. Осы орайда, Kazinform тілшісі Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаевамен сұхбат құрған еді.

оқу-ағарту, білім
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

- Мемлекет басшысының балабақша жасындағы балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы қалай орындалып жатыр?

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында 2 жастан 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен сапалы түрде қамтамасыз ету бойынша шаралар кешенін қабылдау туралы тапсырды. Бүгінде бірқатар кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр.

Ел аумағында 11 346 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Ол ұйымдарда бір миллионға жуық, нақтырақ айтар болсақ, 977 579 бала тәрбиеленеді. Жалпы білім беретін сыныптарда, лицейлерде, гимназияларда 163 616 бала мектепалды даярлықпен қамтылған. Статистикалық деректерге сүйенсек, бүгінде 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен және мектепалды даярлықпен қамту деңгейі - 89,8%.

Бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдармен осы бағытта бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2027 жылға дейін өңірлерде 2483 мектепке дейінгі ұйым ашу және сол арқылы тағы 300 мыңнан астам баланы қамту жоспарланып отыр. Бұл жоспар бүгінгі күннің өзінде қарқынды түрде жүзеге асырылып келеді. Мәселен, биыл ел аумағында 58 мың орынға арналған 555 мектепке дейінгі ұйым ашылды.

Тағы бір мәселе балабақшамен қамтылмаған балалардың ата-аналары үшін өңірлерде 3539 кеңес беру пункті жұмыс істейді. Бұл пунктілерде ата-аналарға педагогика және психология, сондай-ақ ерте даму бойынша білім беріледі.

- Бала тәрбиесі балабақшадан басталады. Осы мақсатта уәкілетті ведомство тарапынан қандай жаңашылдықтар енгізіліп, бастамалар көтерілді?

- Тәрбие – отбасы құндылығының негізі. Бүгінде білім мен тәрбие беру жүйесіне ата-аналарды мейлінше көбірек тартуға аса көңіл бөлінеді. Баласының болашағына немқұрайлы қарамайтын ата-ана бала тәрбиеленетін, білім алатын ортада белсенді болып, әсіресе тәрбие беру ісіне үлес қосып отыруы керек деп ойлаймын. Әр бала үшін сапалы білім алу, тең бастапқы мүмкіндіктер қолжетімді болуы керек.

2022 жылы мемлекеттік жалпыға міндетті стандарт, үлгілік оқу жоспарлары және мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бағдарламасы жаңартылды. Жаңартылған мазмұн баланың танымдық, физикалық, әлеуметтік және эмоционалдық дамуына және бастауыш мектепте оқуға және қоғамда әлеуметтенуге қажетті негізгі өмірлік дағдыларды игеруге бағытталған.

Баланың мектепке дейінгі ұйымдарда біртұтас дамуы үшін үйлесімді дамыған тұлғаның қалыптасуына ықпал ететін қолжетімді даму ортасы құрылды.

Бала үшін қауіпсіз әрі дамуына ықпал ететін орта құру мақсатында мектепке дейінгі ұйымдарды құрал-жабдықтармен жарақтандыруға көңіл бөлініп отыр. Осы мақсатта балалардың дағдыларын дамытуға және даму ортасын құруға арналған оқу және ойын материалдарының тізбесіне арнайы кабинеттер, оның ішінде балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу үшін ұсынылатын жабдықтар енгізілген.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бойынша оқу-әдістемелік кешендер тізбесі МДТжО стандартына сәйкес қайта қаралды.

Мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу кезінде мектепке дейінгі ұйымның санитарлық-эпидемиологиялық жағдайларға, өрт және атнитеррористік қауіпсіздікке сәйкестігі бірінші кезекте ескеріледі.

Білім беру жүйесіне ведомство тарапынан енгізілген тағы жаңашылдықтар бар. Биыл оқу жылынан бастап білім беру ұйымдарында біртұтас білім беру бағдарламасы енгізілді. Барлық білім беру ұйымдарында тәрбиелік жұмыс осы біртұтас білім беру бағдарламасы негізінде жүзеге асырылады.

Бағдарламаның мақсаты – жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде саналы азамат тәрбиелеу. Ұлттық мүдде, ар-ождан, ризашылық, қайырымдылық, ынта-жігер сынды құндылықтар білім беру ұйымдарының барлық тәрбиелік жұмысының мазмұнында көрініс табады.

Білім беру ұйымдарындағы оқу-тәрбие процесінің тұрақты басымдықтары оқушылардың саулығын сақтау, оларға жеке тұлға ретінде құрмет пен сенім көрсету, құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету.

Атап өтейік, білім беру ұйымдарындағы білім алушыларды тәрбиелеу оқу пәндерінің мазмұны, сынып сағаттары мен іс-шаралар, сыныптан тыс жұмыстар мен қосымша білім беру (үйірмелер, секциялар, факультативтер) арқылы жүзеге асырылады.

Сапаны арттыру, мемлекеттік қызмет көрсетудің ашықтығын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық факторларының алдын алу мақсатында ұлттық деректер базасы ақпараттық жүйесінде мектепке дейінгі ұйымдарға кезектілікті есепке алудың және жолдама берудің бірыңғай базасы құрылды.

Биыл қазан айында Қарағанды облысының Шахтинск қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында бірыңғай база бойынша жоба сынақтан өткізіле бастады. Бұл ата-аналар үшін аса қолайлы электронды қызмет көрсету платформасы болады.

- Жоба туралы толығырақ тоқталып өтсеңіз...

- Әрине, бұл ата-аналар үшін аса қолайлы электронды қызмет көрсету платформасы болатындығына сенімдіміз. Оның арқасында мектепке дейінгі ұйымдардан орын алу айтарлықтай жеңіл болады. Ол арқылы әр отбасы өз қажеттіліктеріне қарай төрт балабақшаға дейін таңдай алады. Орындарды бөлудің ашықтығы қамтамасыз етіледі. Бұл бұған дейін айтып өткенімдей, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алады. Сондай-ақ, ата-аналарға кезекке қойылғаны, орын нөмірі тағайындалғаны және кезек реті туралы SMS-хабарламалар жолданады. Ата-анаға жеңілдігі бар екенін растау үшін қағаз түріндегі анықтамалар жинаудың қажеті жоқ. Бұл мәліметтер мемлекеттік деректер базасынан автоматты түрде алынады. Балабақшаны таңдағаннан кейін кезек нөмірі беріледі және ол туралы жаңа айтып өткеніміздей, ата-анаға хабарлама жіберіледі. Сондай-ақ отбасында екі баладан көп бала болған жағдайда, оларды бір балабақшаға беру мүмкіндігі қарастырылған.

Балабақша және бос орын туралы ақпарат алу кезектіліктің бірыңғай базасы аясында электронды үкіметтің порталындағы картада орналастырылады. Ата-ана картадан өз үйіне, жұмысына жақын орналасқан балабақшаны таңдай алады.

Ата-аналарға ыңғайлы болу үшін өтініш берудің бірнеше тәсілі қарастырылған. Бұл - электронды үкімет порталы, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары, жергілікті атқарушы органдардың платформалары.

2024 жылы пилоттық жобаның қорытындыларын шығару және оны бүкіл республика бойынша тарату жоспарлануда.

- Мектепке дейінгі ұйымдардағы кадр мәселелесін қозғасақ...

- Мектепке дейінгі тәрбие беру мен оқытудың сапасын арттыру мақсатында министрлік бірінші кезекте осы салада қызмет атқаратын кадрлардың әлеуетін, біліктілігін, әлеуметтік мәртебесі мен жалақысын арттыру бойынша жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Сондай-ақ, педагогтерді аттестаттау жүйесі жетілдіріліп жатыр.

Жалпы ел аумағында орналасқан мектепке дейінгі ұйымдарда 97 мыңнан астам педагог қызмет етеді. Оның ішінде 23 784 педагог жаңа аттестаттау жүйесі бойынша біліктілік деңгейіне ие (2022 жылы – 15 493 немесе 15%).

Биылдан бастап педагогтердің біліктілігін арттыру курстарынан өту мерзімі 5 жылдан 3 жылға қысқартылды. Мәселен, осы жылдың ақпан айынан бастап 39 білім беру бағдарламасы бойынша 20 390 (35%) мемлекеттік МДҰ педагогтері біліктілікті арттыру курстарынан өтті (2022 жылы – 15 945 (20%).

Мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтерін әдістемелік сүйемелдеу және қолдауды жүзеге асыратын мобильді топтар жұмыс істейді.

МДТжО саласындағы озық педагогикалық тәжірибені мектепке дейінгі тәрбие беру тәжірибесіне тарату және енгізу, МДТжО сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби деңгейін арттыру мақсатында өңірлерде 79 құзыреттілік орталығы құрылды.

Құзыреттілік орталықтары қызметінің нәтижесінде балалардың толыққанды дамуы үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдайлар жасау, педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуы қамтамасыз етіледі. Балаларды тәрбиелеу мен оқыту мәселелерінде ата-аналардың және педагогтердің ынтымақтастығын құру қызмет сапасын арттырады деп жоспарланған.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар