Мектепке жол: Қызылордада мемлекет көмегін алмаған балаларға демеушілер жәрдемдеседі
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы өтіп жатыр.

Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, биыл 40 мыңға жуық балаға міндетті оқу қоры арқылы бірреттік қаржылай көмек беру жоспарланған. 46 мың теңгеден асатын қаржылай көмекті 15 тамызға дейін 36 265 бала алды.
— Бірреттік көмек бес топқа — мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен, төтенше жағдай салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан, отбасыларда тұратын жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына тиесілі. Оны әртүрлі себеппен ала алмаған әлеуметтік осал топтағы отбасылардың балалары «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында демеушілер тарапынан қамтамасыз етіледі, — делінген хабарламада.

Акция барысында демеушілердің қолдауымен 228 оқушы оқу формасымен, 117 оқушы аяқ киіммен, 489 оқушы оқу құралдарымен, 343 оқушы қаржылай көмекпен қамтамасыз етілді. 5-31 тамыз аралығында қала мен аудандарда мектеп формаларының жәрмеңкесін өткізу жоспарланды. Онда жергілікті кәсіпкерлер жаңа оқу жылына қажет киім, құрал-жабдықтарды арзан бағамен ұсынады.
Еске салайық, алдағы жаңа оқу жылында Қызылорда облысы бойынша 17 423 бала 1-сыныпқа барады.