14:06, 19 Тамыз 2021 | GMT +5
Мектептер бейнебақылау жүйесімен 100 пайыз қамтылды – ҚР БҒМ
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл барлық мектеп жылы әжетханалармен толық қамтамасыз етіледі.

Бұл туралы «Білім және ғылым – елдің тұрақты дамуының кепілі» тақырыбындағы педагогтердің Республикалық тамыз конференциясының пленарлық сессиясында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Балалардың қауіпсіздігі өте маңызды. Барша өңірде мектептер бейнебақылау жүйесімен 100 пайыз қамтылған. Бірақ оның ішінде тек 55 пайызы стандарт талаптарына сәйкес келеді. Мектептердің 99,8 пайызы жылы әжетханалармен қамтамасыз етілген. Осы жылдың соңына дейін барлық өңірлер осы көрсеткішті 100 пайызға дейін жеткізуі керек», - деді А. Аймағамбетов.
Биыл шілде айында 110 мектептің дәретханасы аулада тұрғаны айтылған еді.
Осы орайда бұл мәселені 1 қыркүйекке дейін толық шешу тапсырылған еді.