Мектептерде педагог-психолог сағаты енгізілмек
АСТАНА. KAZINFORM — «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларға 40 көмек кабинеті ашылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтты.
- Бүгінде елімізде 20 психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді. Барлық мектепте қауіпсіздік сабақтары мен «111» байланыс орталықтары енгізілген. Тұжырымдама аясында мектептерде педагог-психолог сағатын енгізу, зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларға 40 көмек кабинетін ашу жоспарланды, - деді министр.
Оның айтуынша, бұзушылық фактілерінің алдын алу және психологиялық көмек көрсету бойынша барлық шара әрбір баланың қауіпсіз ортада өмір сүруінің негізі саналады.
- Жалпы алғанда, соңғы жылдары балалардың қауіпсіздігін жақсарту үшін бірқатар жүйелі шара қабылданды. Білім беру мекемелері техникалық қауіпсіздік жабдықтарымен толық жабдықталған. Жазғы лагерьлердің қызметін лицензиялау 2026 жылдың 1 сәуірінен, ал мектепке дейінгі мекемелерді 2027 жылға жоспарланған. Балаларды зиянды ақпараттан қорғау шараларының бірі – заңсыз мазмұндағы ақпаратты жоймағаны үшін онлайн платформаларға жаза күшейтілді, - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Айта кетейік, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы 1,3 трлн теңге көлемінде қаржыландырылады.