Мемлекет басшысы Шымкент әкіміне: Қорқудың қажеті жоқ

АСТАНА. KAZINFORM –Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Шымкент қаласындағы заңсыз салынып кеткен құрылыстарды сүру жұмыстарына байланысты пікір білдірді.

Мемлекет басшысы Шымкент әкіміне: Қорқудың қажеті жоқ
Фото: Ақорда

- Шымкентте жер телімдеріне қатысты өткір мәселе шешілмей тұр. Заң алдында бәрі бірдей. Сондықтан былтырдан бастап заңсыз салынған нысандар сүріле бастады. Мемлекеттік органдардың мұндай әрекеті сынға ұшырап жатыр. Бірақ бұдан қорқудың қажеті жоқ. Себебі әкімдік заңға сәйкес жұмыс істеп жатыр. Алайда халықпен пікір алмасуды жалғастыру қажет. Яғни, түсіндіру жұмысын тоқтатпау керек, - деді Мемлекет басшысы. 

Президент елде өзін қоғам белсендісі санайтын топтар пайда болғанын еске салды.

- Олар көп жағдайда әлеуметтік желіні пайдаланып, биліктің түпкі мәні дұрыс, бірақ бәріне бірдей ұнай бермейтін шешімдері туралы орынсыз дау көтеріп, елді дүрліктіреді. Сондықтан барлық шешімді халыққа жақсылап, мұқият түсіндіру маңызды. Бұл мәселе бүкіл аймаққа қатысты. Кез келген жұмыс барынша ашық әрі түсінікті болған жөн, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Сонымен қатар, Президент Астанадағы көлік кептелісі мәселесі өте өзекті болып тұрғанын және «Самұрық-Қазынаның» қызметі арнайы талқыланатынын атап өткен болатын. 

Айта кетейік елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.  

Соңғы жаңалықтар