Мемлекет басшысына Ibars-kids мобильдік ойыны таныстырылды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Стартап-жобаның негізін қалаушы Қазбек Сағидолла Президентке баланың ақыл-ой қабілетін дамытатын Ibars-kids мобильдік ойынын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
Photo: t.me/aqorda_resmi

«Білім саласында ІТ-жобалар жасап жүрген кәсіпкерлер Ibars-kids мобильдік ойынын жасап шықты. Біздің мобильдік ойынымыз 2-5 жас аралығындағы балалардың интеллектуалды дамуына үлес қосып, олардың функционалды сауаттылығын арттырады. Бұл ойын балаларға барынша қызықты болуы үшін ерекше педагогикалық тәсілдерді, жарқын дизайн мен сапалы дыбыстық сүйемелдеуді пайдаландық. Қазіргі кезде мобильдік ойынымыз республикалық, халықаралық нарыққа шықты. Сондықтан алдағы кезеңге біздің жоспарымыз орасан», - деді Қ. Сағидолла Мемлекет басшысының Павлодар облысының креативті жастарымен кездесуі кезінде.

Оның айтуынша, ойынды ұялы телефонға және компьютерге жүктеуге болады.

«Еліміздің білім саласындағы ІТ-жобаларының барынша жоғары деңгейде дамуына үлес қосқымыз келеді. Атап айтқанда, Павлодар өңірінің жастары өте шығармашыл әрі креативті», - деді Қ.Сағидолла.

Сондай-ақ жас кәсіпкер Асқар Ахметов өзінің виртуалды (VR) және толықтырылған шынайылық (AR) технологияларына қатысты жобалары жөнінде айтып берді.

Сондай-ақ кездесу барысында фотостудия негізін қалаушы Мәди Жетібай Президенттен өзі түсірген фотосуретке қолтаңба қалдыруын сұрады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар өңірінен түрлі салада жетістікке жеткен талай тарихи тұлғалар шығатынына сенімі мол екенін айтты.

«Павлодар облысынан көптеген ғалымдар, мықты мамандар шықты. Сондықтан осының жалғасы болады, баршаңызға табыс тілеймін», - деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы бүгін Павлодар облысының креативті жастарымен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың жетістіктеріне жоғары баға беріп, еліміздің келешегі жоғары технологиялардың даму деңгейіне байланысты екенін атап өтті.


Соңғы жаңалықтар