Мемлекет қуаты - халықта, халықтың қуаты - бірлікте!

АСТАНА. ҚазАқпарат - 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні. «Байлық - байлық емес, бірлік - байлық» деген қазақта сөз бар. Ендеше бұл күн - Қазақстан халқының зор байлығы - бірлікті ұлықтап, ынтымақ пен татулықты дәріптейтін ерекше күн.
None
None

«Ынтымақ болмай іс оңбас» деген де бабамыздан сөз қалған. Шындығында, бүгінгідей қатерлер аяқ астынан туындап жататын алмағайып заманда береке мен бірлік, татулық пен достық ауадай қажет. Өйткені, Тәуелсіздіктің тірегі - тұрақтылық. Осы тұста Ататүріктің «Үйде тыныш болса, сыртта да тыныш» деген сөзі де еске оралады. Ендеше бірлік, татулық арқылы тұрақтылық қамтылып, ол Тәуелсіздігімізді берік ете түсері сөзсіз.

Шындығында, Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі сан салалы істері, тұтастай жеткен жетістіктері тек бірліктің, ынтымақ пен тыныштық арқылы келетін тұрақтылықтың арқасында ғана орын алды. Ал бірлікті ұлықтайтын 1 мамыр мерекесінің тарихына келсек, Қазақстанда 1996 жылдан бастап Елбасы Жарлығымен Қазақстан халқының бірлігі күні ретінде аталып өтіліп келеді. Дегенмен, одан ілгерідегі кезеңде Кеңес Одағындағы еңбекшілердің таптық мерекесі болған бұл мейрам, тәуелсіз Қазақстанның тарихына енгенде мүлдем жаңаша мән-маңызға, мазмұн-сипатқа ие болғаны анық. Айтулы күн ұлыстар мен ұлттардың бірлігін ұлықтап, Қазақстандағы барлық ұлт өкілдерін жұмылған жұдырықтай тұтастыруға үндеп келеді. Сөйтіп мамыр мейрамы бүгінде Қазақстан халқының бірлігі күні деген мазмұнда жалғасын тауып, көпэтносты елдің тыныштығы мен татулығының нышанына айналды.

Сонымен қатар, мамырдың алғашқы күні - Қазақстан халқының бірлігі мерекесін жаңа тұрпатта тойлау қажеттігін, оны еліміздің басты мерекесіне айналдыру идеясын Мемлекет басшысы Н. Назарбаев 2011 жылы көтерген болатын. «Көктемгі 1 мамыр мерекесі біздің елдегі этностарды бұрынғыдан да жақындастыра түсуі тиіс. Бұл біздің туған Қазақстанымыздағы 20 жылда құрған негізгі мерекеміз болады. Бірінші мамыр - бірліктің ерекше мерекесі. Сондықтан да, мамырда тұтас ай бойы жақындасудың барлық жаңа жолдарын байқап көру керек. Ал тұрақтылық болмаған жерде даму да болмайтынына қазіргі жер жаһанда орын алып жатқан мысалдар жеткілікті. Сондықтан да, бірлікті ту еткен еліміз Қазақстан халқының бірлігі күнін басты мерекелердің біріне айналдыруды қолдап келеді», ‑ деген еді Елбасы.

Жалпы, 1 мамыр қандай мереке? Кешегі Кеңес Одағындағы шараны Тәуелсіз елде жаңаша жаңғыртудың мәнісі қайсы? Осы сауалға жауап бермес үшін әлемдегі бейбітшіліктің қадірін арттырып отыратын түрлі ахуалға тоқтаған орынды тәрізді. Бүгінгі таңда әлемдегі құбылыстарды зерделей қарасақ, бейбіт өмір мен тұрақтылықтың, тыныштықтың қадірін арттыра түсетін жағдаяттар аз емес. Әлемде, жаһандық аумалы‑төкпелі жағдайды бастан кешкен, мемлекеттік жүйенің тепе-теңдігі бұзылған, берекесі төгіліп, бірлігі сөгілген елдердің саны артып келе жатқанын да байқауға болады. Таяу Шығыс соңғы жылдар бойы үздіксіз қақтығыстардың алаңына айналды. Ол өңірде жақын аралықта бейбітшіліктің болатынын болжаудың өзі қиын. Күні кеше ғана тыныштық құшағында тұрған Украинаның бүгінгі ахуалы қандай? Бұл бір ғана мысал.

Сондықтан да, әсіресе, жылдар бойына жалғасып келе жатқан дінаралық, ұлтаралық қақтығыстар бойынша әлемдік дипломатияның небір озық үлгілері де отты нүктелердің шоғын сөндіре алмай отырғанына әлем жұртшылығы куә. Ендеше, осындай дамуға кері әсер беретін құбылыстарды сараласақ, бірлігі, ынтымақтастығы жарасқан елде ғана тіршілік қайнап, тұрақтылық сақталып, болашақ дамуы да баянды болмақ.

Қазақстандық ұлтаралық татулық үлгісі де осыған негізделген. Ендеше, Кеңес Одағынан қалып, қызыл империямен бірге құрдымға кетпеген, керісінше жаңа мемлекетте жаңаша түлеп, ұлттар арасындағы ыстық ықыластықты дәріптеуге бет алған Мамыр мерекесін жаңғыртудың түпкі мәнісі осы - бірліктің, ынтымақ пен берекенің игілігіне шақыру деп білген ләзім.

Ақыр соңында еліміздегі татулық пен бірліктің басқаға емес, ең алдымен қазақтың өзіне керектігін Мемлекет басшысы Н. Назарбаев ұдайы көтеріп келеді. Елбасының айтуынша, қазақстандық қоғамда ешкімнің де этностық артықшылығы жоқ және бәрі де Заң алдында тең. Барлық қазақстандықтар - бір туған жердің балалары. «Біз бәріміз - біртұтас Қазақстан халқының әртүрлі және бірдей балаларымыз. Біздің бәрімізді бір мәселе толғандырады - бүкіл Қазақстан халқының әл-ауқаты. Біздің бәріміздің мақсатымыз бір - біздің ортақ Отанымыздың өркендеуі. Бұл біздің ортақ табысымыз, ортақ мақтанышымыз. Бұл осы жылдар бойына Мемлекет басшысы ретінде мен жүргізіп келген, жүргізіп отырған және жүргізе беретін саясат. Тұрақтылық пен келісім - әрбір әкімнің, әрбір басшының, әрбір азаматтың күн сайынғы жұмысы!» - дейді Н. Назарбаев. Сонымен бірге, өткендегі «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясында сөз сөйлеген Елбасы бұған тағы да назар аударып, Қазақстан әрбір азамат үшін жайлы болуы керектігін атап өтті. «Осыған байланысты атап өткім келеді, ең бастысы - азаматтық, ұлт емес. Азаматтық деген ол еліміздің барлық азаматы бір заңмен, Конституциямен өмір сүреді деген сөз. Бәрі осы бір ғана заңға бағынуы керек. Рим империясында азаматтар болды, ұлт емес. Тіпті латын тілінде «ұлт» деген сөз «жаңа туған» дегенді білдіреді екен. Ал біз осы «ұлт» деген мәселені не қылып жібердік? Сондықтан да, біртектілік дегеніміз өзінің ұлттық ерекшеліктеріңді жоғалтпау, тарихыңды, мәдениет пен тіліңді ұмытпау дегенді білдіреді. Ал азаматтықта - біз бірдейміз», - деді Н. Назарбаев.

Түптеп келгенде Мәңгілік Елге айналуды мақсат тұтатын ұлт - ең алдымен бірлігі жарасқан ұлт болуы керек! Ал Мәңгілік Елдің түпкілікті идеясына бірлік пен ынтымақ арқылы ғана қол жеткізе алатынымыз анық. Сондықтан да, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мәңгілік Ел атты идеясын жалпақ жұртқа жариялап, елдің болашағы туралы сөз қозғағанда: «Қазақтың ынтымағы мен бірлігі мықты болмайынша, келешекте мемлекеттің тұтастық келбетін сақтау мүмкін емес» деп кесіп айтқан болатын. Яғни, бірлік арқылы мемлекеттің мәңгілігі мен тұтастығын сақтау - бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айқындаған қазақстандық ұстаным.

Түйіндей айтқанда, 1 мамыр мерекесінің өзі Қазақстанның этносаралық және конфессияаралық келісім тәжірибесінің өзіндік үлгісін қалыптастырған ел екенін көрсетеді. Қазақстан өзіндік жолға ие болып қана қойған жоқ, еліміз толеранттылық және мәдениетаралық диалог мәселелеріне мән беретін бастаманы халықаралық деңгейге шығара білетін мемлекет бола алды. Сондықтан да, саяси тұрақтылық, қоғамдағы этносаралық және конфессияаралық татулықты орнату жөнінен әлемдік қоғамдастық тарапынан оң бағаға ие болған Қазақстанның қарыштап дамуына да ең алдымен ұлтаралық саясаттағы тұрақтылыққа негізделген қағидаттың ықпалы зор болды. Қазақстанның жетістігіне айналған қоғамдық келісім елдің нәтижелі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуының кепіліне һәм негізіне де айналып отыр. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттің экономикалық өсуі, әлеуметтік ілгерілеуі, демократиялық дамуы қоғам бірлігі ұйысқан және сақталған жағдайда ғана жүзеге асады. Ал ұлттар арасындағы бірлікті қамтамасыз ету - демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудың маңызды шарты. Сондықтан да, 1 мамыр мерекесі елдің бірлігін одан сайын нықтап, сол арқылы қазақтың тірлігінің берекелі болуына жол ашсын деп тілейік!

null 1 2 3 null null

Соңғы жаңалықтар