Мемлекеттердің санкцияларға қосылмаймыз деген ұстанымын құрметтейміз - Дэвид О'Салливан
Еуропалық Одақтың санкциялар жөніндегі арнайы өкілі Дэвид О'Салливан Астанаға арнайы келді және сапарын қорытындылап, баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды Kazinform.

Ресей мен Украина арасындағы жағдайдан кейін үлкен жетілік мемлекеттері және Еуропа Одағы бұрын болмаған санкциялар пакетін енгізген еді. Бұл санкциялардың негізгі мақсаты жаңа технологиялардың Ресей нарығына түсуінің алдын алу болды.
«Менің рөлім – енгізілген санкцияларға қосылмауды ұйғарған мемлекеттерге сапарлау. Осы мақсатта екі рет Қазақстанға келдім, ертең Өзбекстанға ұшамын, келесі аптада Үндістан сапары күтіп тұр. Бұдан бөлек, Армения, Қырғызстан, Сербия, БАӘ, Түркия елдеріне бардым. Бұл мемлекеттерді санкцияға қосыл деп үгіттемейміз. Олардың заңды аумағы санкцияны айналып өту алаңына айналмауы жөнінде сөйлесеміз», - деп түсіндірді Дэвид О'Салливан астаналық тілшілерге.
Өз кезегінде тілшілер сәуір айындағы сапардан кейін не өзгергенін, қандай нәтижелер байқалғанын сұрады.
«Сәуір айында келгенімде қазақстандық тарап өз ұстанымын нақты айтқан еді. Әсіресе, әскери мақсатта қолданылатын тауарларға қарсы санкцияларды айналып өту алаңына айналмайтынын, еш тарапты қолдамайтынын, нейтралды ұстанымда қалатынын жеткізді. Біз Қазақстан сияқты басқа да мемлекеттердің санкцияларға қосылмаймыз деген ұстанымын құрметтейміз. Ол – әр мемлекеттің өз шешімі. Бірақ Қазақстан ЕО құрамындағы мемлекеттермен сауда қарым-қатынастарын орнатуға, инвестиция тартуға мүдделі. Сол себепті, Қазақстанның санкцияларды айналып өту жеріне айналуы мемлекетке де, осы мемлекетте жұмыс істейтін компанияларға да жағымды емес. Бұл – барлығымызға да ортақ сын-қатер және Қазақстанмен осы мәселені бірлесе отырып шешуге дайындығын өте жоғары бағалаймыз», - деді арнайы өкіл.
Айта кетейік, Дэвид О'Салливан биылғы сәуір айында Қазақстанға келген еді.