Мемлекеттік қызметкердің жауапкершілігі еселенді - Серік Қазбағамбетов
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Елімізде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қолданысқа енді. Сәйкесінше мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігі еселенді. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Мұғалжар ауданаралық әділет басқармасының басшысы Серік Қазбағамбетов айтып берді.
«Әкімшілік рәсімдер туралы» Заң бұған дейін мемлекеттік органның ішкі қарым-қатынасын реттеді. Енді Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қолданысқа енді. Сыртқа рәсімдік жұмыс жеке және заңды тұлғалармен арадағы қатынасты реттейді.
«Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс пен Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс екі құжат. Қандай да бір ереже бұзылса, талап орындалмаса, мемлекеттік қызметкерлер ішкі жауапқа тартылады. Сонымен бірге мемлекеттік қызметкер өз қатесін түзете алады. Мәселен, әкімшілік акт шығарылды. Қателік болса, адам сотқа бара алмайды. Сотқа дейінгі тәртіп бойынша сол мемлекеттік органға қайта шағым түсіреді. Шын мәнінде қате кетсе, үш күнде түзетіледі. Ал қателік болмаса заңға сүйеніп, жоғары тұрған органға жолдайды. Оның да жауабы қанағаттандырмаса, сотқа бара алады. Сот арызды қабылдайды. Қосымша құжатты сұратады. Бәрін де қарап, онлайн тексеріп отыруға болады», - деді Мұғалжар ауданаралық әділет басқармасының басшысы Серік Қазбағамбетов. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметкердің жауапкершілігі артып, өтініш, арыз, шағымға жауап беру кезінде сапа артады. Яғни, шешімді қай заңға сүйеніп шығарғанын анық көрсетуі тиіс.
«Арыз, шағым, сосын төрт түрлі өтініш бар. Өтінішке хабарлама, ұсыныс, үн салу, сұраныс кіреді. Өтініштің бәрі оңтайлы жолмен қаралады. Оларға әкімшілік акт шығарылмайды. Адамдар осыны ажырата білуі тиіс. Арыз, шағым 15 жұмыс күнінде қаралады. Қиын, бірақ жұмыс сапасы артады. Бәрі уақытты талап етеді. Мамандар жаңа жүйемін жұмыс істеуге тез машықтанады деп ойлаймын. Біз тек «Е-өтініш» жобасымен жұмыс істейміз. Қағаз қолданбаймыз», - деді Серік Қазбағамбетов.
Айта кетейік, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған Қазақстан Республикасының жаңа Әкімшілік рәсімдік-процессуалдық кодексі күшіне енді.
Одан бөлек, ҚазАқпарат Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің негізгі нормалары туралы хабарлаған болатын.