Мемлекеттік басқарудың сапалы жұмыс істеуі өкілетті және атқарушы органдардың қарым-қатынасына байланысты – Бәйменов

Әлихан Бәйменов
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Мемлекеттік басқарудың сапалы жұмыс істеуі өкілетті және атқарушы органдар арасындағы қарым-қатынасқа байланысты. Бұл туралы бүгін Парламентаризм институты ұйымдастырған халықаралық іс-шарада Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб басқару комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Сарапшылар ХХІ ғасырдың басынан бастап VUCA деп, ал қазір BANI әлемі деп аталатын құбылмалы, күрделі заманда мемлекеттік басқару сапасының маңызы артып келеді. Ендеше бүгінгі басқосудың тақырыбы да өте өзекті. Қазақ «илегеніміз бір терінің пұшпағы» дегендей, баршамыз мемлекеттік басқару жүйесінің тиімді жұмыс жасауына мүдделіміз. Бұл Астана мемлекеттік қызмет хабының миссиясына да тікелей қатысты. 43 қатысушы елі бар хабтың басты мақсаты – сол үкіметтердің тиімді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру жолындағы бастамаларына қолдау көрсету. Осы мақсатта біз әлемнің 80-нен астам ұйымымен әріптестік орнаттық. Биылдан бастап Парламентаризм институтымен тікелей жұмыс істей бастағанымыз да біз үшін өте маңызды. Біздің зерттеулеріміз көрсеткендей, жалпы мемлекеттік басқарудың ырғақты, тиімді және сапалы жұмыс істеуі едәуір деңгейде саяси жүйеге, әсіресе өкілетті және атқарушы органдар арасындағы қарым-қатынасқа байланысты», - деді Әлихан Бәйменов.

Оның айтуынша, хаб гипотезасына сәйкес, мемлекеттік басқару жүйесі - динамикалық концетрлік сфералар. Басқаша айтқанда орыстың «матрёшкасы» секілді.

Әлихан Бәйменов
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

«Оның сыртындағы ең үлкен жүйе – саяси, ең үлкен қуыршақ», ортаңғысы әкімшілік жүйе. Ең кішісі, ішкісі – ол салалық, аймақтық, операциялық, технологиялық жүйелер және мемлекеттік қызмет. Ішкі жүйелер белгілі бір деңгейде өзінің тиімділігін арттырып, сапасын жақсарта алады. Бірақ, өсе келе олар сыртқы жүйелердің шекараларына келіп тіреледі. Мұның себебі мынада. Саяси жүйе атқарушы биліктегі лауазым иелерінің тағдырын халықтың дауысы мен жігеріне байлайды. Ендеше, ол ынта мен жігерге тікелей әсер етеді. Кезінде Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов «ұлтқа қызмет мінезден» дегенде де бірінші кезекте ынта мен жігер туралы айтқаны сөзсіз. Сондықтан да мемлекеттік басқарудың тиімділігі туралы айтқанда өкілетті органдардың атқарушы билікті бақылау, қадағалау мүмкіндіктерін, құзіреттерін маңызды фактор ретінде атап өту қажет», - деді ол.

Хаб басқару комитеті төрағасының атап өтуінше, саяси жүйе, оның ішінде парламенттік қадағалау атқарушы биліктің институционалды эластикалық қасиетін, яғни халықтың мұң-мұқтажына атқарушы биліктің сезімталдығын қалыптастырады.

Әлихан Бәйменов
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

 

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы толыққанды жүзеге асуы үшін де парламенттік қадағалау қажет. Себебі халықтың үнін есту қабілеті қызметшілердің кәсібилігімен анықталса, тыңдауға деген ниет пен жігер едәуір деңгейде халықтың өкілетті органдар арқылы атқарушы билікті қадағалау мүмкіндігімен анықталады», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар