Мемлекеттік қызметтің гибридті үлгісі: мансаптық және позициялық модельдер

Азамат Жолманов
Фото: А. Жолмановтың жеке мұрағатынан

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде мемлекеттік қызметке қабылдау конкурсын автоматтандыру, ашық мемлекеттік аппарат құру, жоғары оқу орындарының үздік түлектерін конкурссыз іріктеу, мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру бағытында жаңа бастамалар іске асырылып жатыр. Осы орайда, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Азамат Жолманов саладағы жаңа қадамдарға қатысты түсінік берді.

- Азамат Сағатұлы, биылдың басында Президент адамдарға бейімделген мемлекеттік аппаратты қалыптастыру, мемлекеттік қызмет жүйесіне заманауи технологияларды енгізу және мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттыру ісін жалғастыруды тапсырды. Қазір осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайында айтып берсеңіздер...

- Мемлекет басшысының мемлекеттік қызмет саласында цифрлық технологияларды кеңінен қолдану жөніндегі тапсырмасына сәйкес жаңа инновациялық шешімдерді енгізу, мемлекеттік қызмет жүйесінің барлық деректерін цифрландыру бойынша белсенді жұмыс атқарылып жатыр. Агенттік «e-Qyzmet» ақпараттық жүйесін жаңғырту және дамыту жобасын іске асыру аясында мемлекеттік қызметке кіруді толық автоматтандыру үшін жаңа іріктеу жүйесі әзірленді.

Сонымен бірге, «e-Qyzmet» жүйесінің 24 модулі жаңартылып, мобильдік қосымшасы әзірленді. Онда демалыс туралы өтініштерді әзірлеу және келісу, жеке істерді қарау, хабарламалар алу, хабарландыруларды қарау және басқа да процестерді жүзеге асыру жоспарланған.

Мемлекеттік басқарудың сервистік және адамға бағдарланған моделін қалыптастыру - мемлекеттік аппараттың кәсіби деңгейіне тікелей байланысты. Мемлекеттік қызметшілер үшін негізгі қағидат – ең алдымен, азаматтарға қажет қызметтерді қамтамасыз ету, қызмет көрсету және жұртшылықпен өзара әрекеттесу мәдениетін дамыту, сондай-ақ басқа да тиісті бағыттарды жетілдіру.

Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және жеке құзыреттерін дамыту мақсатында Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында халық үніне құлақ асатын мемлекет, көшбасшылық және халықпен тиімді өзара іс-қимыл стратегиясы, шиеліністерді реттеу және этномедиация, инновациялық цифрлық шешімдерді енгізу, деректерді талдау және т.б. тақырыптар бойынша семинарлар өткізіледі. Министрліктердің саяси қызметшілері үшін «Тиімді коммуникациялар» тақырыбында оқыту ұйымдастырылып жатыр.

Назарбаев Университетімен бірлесіп, саяси қызметшілер үшін «Жаңа формация басшысы» бағдарламасын және «А» корпусының қызметшілері үшін арнайы қайта даярлау курстары іске асырылып отыр. Оқыту бағдарламасы мемлекеттің алға қойған стратегиялық міндеттерін шешу үшін жаңа құралдарды қолдануға және шешім қабылдауда тиімділікке, белсенділікке бағытталған қоғам үшін барынша ашық болуға мүмкіндік беретін пәндерді қамтиды.

- Жеке сектордан білікті мамандарды тарту және жоғары оқу орындарын үздік бітірген түлектерді төменгі лауазымдарға конкурс өткізбей-ақ тағайындау қандай нәтиже беріп жатыр?

- Әлемдік тәжірибедегі жетістіктер мен мемлекеттік басқару жүйесінің ерекшеліктерін біріктіретін елімізде мемлекеттік қызметтің өзіндік гибридті үлгісі қалыптастарылды. Ол мансаптық және позициялық модельдердің элементтерінен тұрады.

Мансаптық модельге сәйкес, іріктеудің ашық жүйесін қамтамасыз ете отырып, жас мемлекеттік қызметшіге төменгі лауазымдардан бастау арқылы меритократия қағидаты бойынша өсу мүмкіндігін, ал позициялық модельге сәйкес жеке сектордан нақты мамандарды тарту тетіктері қарастырылды. Мамандардың біліктілігі мен салалық тәжірибесін ескере отырып, оларды «Б» корпусының жоғары лауазымдарына Агенттіктің келісімімен конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындау мүмкіндігі енгізілді. Бүгінгі күні 401 маманды тікелей тағайындауға келісім берілді.

Тағы бір енгізілген жаңашылдық – «келісімшарттық қызметшілер» ұғымы. Мемлекеттік органдар ұлттық және өзге де жобаларды жүзеге асыру үшін белгілі бір мерзімге тиісті салалық мамандарды тарта алады.

Мемлекеттік басқару академиясының түлектерін өңірлердегі лауазымдарға, жоғары оқу орындарын мемлекеттік грантпен әрі жақсы көрсеткішпен (GPA 3,33-тен төмен емес) бітірген түлектерді аудан және ауылдық жерлердегі төменгі лауазымдарға конкурссыз тікелей тағайындау мүмкіндігі қарастырылды. Аталған тетік іске қосылған сәттен бастап Академия және жоғары оқу орындарының 170-ке жуық түлегі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тағайындалды. Бұл жас мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына, жергілікті жерлердегі қызметшілердің сапалық құрамын білімді жас кадрлармен толықтырылуына септігін тигізеді.

«Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын Үлгілік біліктілік талаптарына да өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес, нақты мемлекеттік әкімшілік лауазымның функционалдық бағыттарына сәйкес келген жағдайда, жеке сектордағы және өзге ұйымдардағы жұмыс өтілі ескеріледі. Біліктілік талаптарына сәйкестігін айқындау кезінде мемлекеттік қызмет өтілі мен салалық өтілі жалпы жиынтық жұмыс өтілін береді. Осылайша, жеке сектор мамандарының жұмыс өтілі толықтай тиісті деңгейде ескеріліп, мемлекеттік қызметке кіру мүмкіндігі едәуір артты. Өткен жылы мемлекеттік қызметке жалпы конкурс арқылы қабылданғандар ішінде 35,5% үміткер жеке сектордың мамандары болды.

- Мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік құқығын қорғау бағытында қандай өзгерістер болып жатыр?

- Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау – біздің агенттіктің негізгі міндеттерінің бірі. 2023 жылы заңнамаға енгізілеген түзетулерге сәйкес қызметшілерді үстеме жұмысқа заңсыз тартуды болдырмау үшін Агенттікке мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты режимін сақтауын мониторингтеу, мемлекеттік қызметшілер үшін икемді жұмыс уақыты тәртібін айқындау бойынша өкілеттіктер берілді.

Қызметшілер үшін икемді жұмыс кестесінің режимі және қашықтан жұмыс жасау мүмкіндігі қарастырылды. 2023 жылы 3 мыңнан астам мемлекеттік қызметші икемді жұмыс кестесі режимін, 74 қызметкер қашықтан жұмыс істеуді, 30-ы қашықтан аралас жұмыс істеуді қолданды. Көп жағдайда икемді жұмыс режимін мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балалары бар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған, тұрғылықты жері жұмыстан қашық орналасқан, ем қабылдап жүрген адамдар пайдаланады.

Биыл бірінші тоқсанда мемлекеттік органдардың жұмыс режиміне қашықтан және бару арқылы жүргізілген мониторинг нәтижесінде анықталған кемшіліктерге байланысты қосымша тынығу сағаттарын беру, сондщай-ақ өтемақы төлеу арқылы 500-ден астам мемлекеттік қызметшінің құқығы қалпына келтірілді.

Мемлекеттік қызметшілердің өзекті әлеуметтік мәселелерінің бірі - оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету. Бұл мәселені шешу үшін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауыл әкімдерінің аппараттарында жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қолдау мақсатында оларға көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несие ұсыну мүмкіндігі қарастырылған. Осылайша, 2023 жылы аталған бағдарлама аясында 240-қа жуық қызметкерге жергілікті бюджет есебінен көтерме жәрдемақы төленді.

Сонымен бірге, заңнамаға енгізілген түзетулерге сәйкес басқа елді мекенге ротацияланған қызметшілерге тұрғын үй жалдау мақсатында төленетін ротациялық төлемдер қарастырылған.

Аталған шараларымен қатар, заңнамада мемлекеттік органның таратылуы немесе штат санының қысқару кезінде мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қорғау ескерілген. Бұл тұрғыда мемлекеттік қызметшілерге кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі болған кезде төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысын төлеу іске асырылады.

- Президенттік жастар кадр резервіне қатысты қандай нәтиже бар?

- 2019 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен меритократия және ашық іріктеу қағидаттары негізінде мемлекеттік қызметке жас, талантты және перспективті мамандарды тарту мақсатында Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру жұмыстары басталды. Бұл – мемлекеттік аппарат жұмысына жаңа тәсілдер енгізе алатын, заманауи ойлау дағдысы қалыптасқан дарынды жастарға арналған әлеуметтік лифт. Қазір Президенттік жастар кадр резервінде 400 адам (2019 жылы – 300 резервші, 2021 жылы – 50 резервші, 2023 жылы – 50 резервші) бар, оның ішінде 291 адам жұмысқа орналастырылған. Орталық мемлекеттік органдарға – 153 резервші, жергілікті атқарушы органдарға – 36, ұлттық компанияларға – 58, өзге де және жеке ұйымдарға – 44 резервші тағайындалды. Оның ішінде, 3 резервші – депутат, 36 резервші – саяси лауазымда, 3 резервші «А» корпусының лауазымдарында қызмет атқарып жатыр.

Биыл жас басқарушылардың өңірлік пулын қалыптастыру мақсатында Өңірлік кадр резервтеріне іріктеу іске асырылып отыр. Іріктеу нақты салалық бағыттар бойынша жүргізілуде және резервке қабылданатын азаматтар санын өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере отырып, өңірлік кадр комиссиялары айқындайды.

- Осыған дейін мемлекеттік қызметке қабылдау конкурсы автоматтандырылатыны айтылды. Бұл жүйенің артықшылығы неде және қай кезде толық енгізіледі?

- Қолданыстағы мемлекеттік әкімшілік қызметке орналасу тәртібі 2017 жылдан бастап енгізілген. Бұл ретте, мемлекеттік әкімшілік қызметке орналасуға ниет білдірушілердің саны аса жоғары емес екені, сәйкесінше мемлекеттік органдарда «таңдаудың» төменгі деңгейі байқалды. Кейінгі бес жылда елімізде өткізілген барлық конкурстарға қатысушылардың орташа үлесі 2 адамға жетпеген.

2023 жылы мемлекеттік қызметке іріктеу рәсімін жеңілдету үшін «e-Qyzmet» жүйесін жаңғырту аясында сыртқы порталы әзірленіп, конкурстық рәсімді өткізу форматы қайта қаралды. Мемлекеттік қызметке іріктеу бос орынды жариялаудан бастап, жеңімпаздарды жариялауға дейінгі іріктеудің барлық кезеңін қамтитын конкурстық рәсімдердегі адами факторды азайта отырып, толық цифрландырылды. Бұл жүйе арқылы іріктеу еліміздің мемлекеттік органдарында кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Бірінші кезеңде 22 мемлекеттік органда іріктеудің жаңа жүйесі енгізілді.

Қазір жаңа іріктеу форматы бойынша мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға жариялған 1711 конкурсқа 7927 адам қатысып, оның 795-ы іріктеуден сәтті өтті. Бір лауазымға қатысушы үміткерлердің орташа үлесі 4,5 адамды құрап отыр. Іріктеу жүйесінің артықшылықтарының бірі – азаматтар конкурстың барлық кезеңдеріне онлайн түрде қашықтан, интернеті бар кез келген жерден және қалаған уақытында қатыса алады. Тестілеу жүргізілетін нормативтік-құқықтық актілердің саны екі есеге, яғни 9-дан 4-ке дейін қысқартылды.

Тараптардың арасында мүдделер қақтығысы мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін мемлекеттік органдарға үміткерлердің іріктеу кезеңдерінен өту кезінде анонимділікті қамтамасыз ету үшін жүйемен берілген сәйкестендіру нөмірі ұсынылады. Ал «адами фактордың» ықпалын болдырмау үшін конкурс рәсімінің ашықтығын тәуелсіз прокторинг жүйесі қамтамасыз етуде және конкурс жеңімпазы барлық кезең қорытындысы бойынша ақпараттық жүйемен дербес айқындалып отыр.

Соңғы жаңалықтар
telegram