Мемлекеттік кірістер комитетінің Деректерді өңдеу орталығы құрылады

АСТАНА. KAZINFORM — Келесі жылы Мемлекеттік кірістер комитетінің Деректерді өңдеу орталығы құрылады. Бұл туралы Үкімет отырысында айтыды. 

Мемлекеттік кірістер комитетінің Деректерді өңдеу орталығы құрылады
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Үкімет басшысы Президенттің биыл жалпы ішкі өнімдегі көлеңкелі экономика үлесін 15%-ға дейін азайту міндетін қойғанын еске салды. Сондай-ақ, Жолдауда жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын енгізу арқылы экономиканың барлық саласын жаңғырту қажеттігін атап өтті.

– Бұл стратегиялық міндет. Бірқатар секторда, оның ішінде сауда, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларында цифрландыру деңгейі әлі де жеткіліксіз. Барлық мүдделі министрліктер өз саласында жаппай цифрландыруды қамтамасыз етуі қажет. Экономиканы цифрлық жаңғырту шеңберінде Мемлекеттік кірістер комитеті меморгандар арасында көш бастауға тиіс. Сонымен қатар цифрлық бастамаларды іске асыру үшін тиісті ресурстар қажет. Осыған байланысты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі келесі жылы Мемлекеттік кірістер комитетінің өз алдына Деректерді өңдеу орталығын құруы керек, - деді Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында. 

Сонымен бірге, Премьер бірқатар цифрлық жобалар өз тиімділігін көрсеткенін атап өтті. 

– Көлеңкелі экономикамен күресте қолма-қол ақшасыз төлемдер маңызды рөл атқарады. Кейбір өңірлерде автомобиль жолдары және теміржол құрылысы, ірі қара мал мен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды субсидиялау, сондай-ақ қосылған құн салығын қайтару кезінде цифрлық теңгені қолдану бойынша пилоттық жобалар іске асырылуда. Қаржы министрлігі Ұлттық Банкпен бірлесіп, республикалық және жергілікті бюджеттердің, мемлекеттік холдингтердің бюджеттері шеңберінде цифрлық теңгені пайдалануды қамтамасыз етуі қажет, - деді Үкімет басшысы. 

Олжас Бектенов Қаржы министрлігі Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылды үйлестіру жұмысын күшейтуі қажеттігін тапсырды. 

– Заңды тұлғаларды тіркеу мен қайта тіркеуді қадағалап отыру үшін Әділет, Қаржы, Жасанды интеллект министрліктеріне Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп, 25 қарашаға дейін тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізу жұмыстарын аяқтауды тапсырамын, - деді Премьер-Министр.

Бұған дейін Қаржы министрі Мәди Тәкиев салықтан жалтарған кәсіпкерлер туралы айтқан еді. 

Соңғы жаңалықтар