Мемшекарада электрондық кезекке қатысты жаңа ережелер күшіне енді

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылғы 17 қыркүйекте Қаржы министрі автомобиль көлігімен Мемлекеттік шекарасын кесіп өту, сондай-ақ жүк пен тауарларды тасымалдау ережелеріне өзгерістер енгізу туралы бұйрыққа қол қойды. 

Мемшекарада электрондық кезекке қатысты жаңа ережелер күшіне енді
Фото: Piqsels.com

Жаңа өзгерістерге сәйкес, жергілікті атқарушы органдар енді шекаралық өткізу пункттерінің жанынан күту аймақтарын ұйымдастыруы тиіс.
Сонымен қатар шекарадан өткізу тәртібі нақты айқындалып, қандай жағдайларда кезектен тыс, ал қандай жағдайларда жеделдетілген тәртіппен өткізілетіні нақты бөлініп көрсетілген.

Электрондық кезек жүйесінде белгілі бір санаттағы көлік құралдарына, жүктің және тауарлардың түрлеріне қатысты кезектен тыс тіркеу мүмкіндігі көзделген.
Құжатта атап өтілгендей, ЭКЖ-да кезектен тыс тәртіппен тіркеу мынадай санаттар бойынша көлік құралдарына, жүкке және тауарларға қатысты жүзеге асырылады:

пошта операторы — брондаудың болжамды күніне дейін күнтізбелік 10 күннен кешіктірмей көлік құралдарының тізімін Мемлекеттік кірістер органдарына алдын ала жолдаған жағдайда;

жануарлар, тез бүлінетін, қауіпті жүктер, сондай-ақ Қазақстан экспорттық жүктері — Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімдерімен бекітілген нысандар бойынша рәсімделген тауарларға арналған декларация немесе транзиттік декларация, сондай-ақ ЕАЭО пен ҚР кеден заңнамасына сәйкес транзиттік декларация ретінде пайдаланылатын құжаттар болған жағдайда және тек көрсетілген жүктер тасымалданған жағдайда;

гуманитарлық, әскери жүктер, сондай-ақ шет мемлекеттің үкіметінен дипломатиялық арна арқылы ресми өтініш бойынша — мемлекеттік органдар көлік құралдарының тізімін брондаудың болжамды күніне дейін күнтізбелік 10 күннен кешіктірмей МКО-ға алдын ала жолдаған жағдайда.

Сонымен қатар шекараны кезектен тыс кесіп өтуге бір жұмыс күні ішінде брондауға рұқсат етілетін саны тәуліктік өткізу қабілетінің мынадай шектерінде болуы тиіс:

Пошта операторына — бір пайыздан аспауы керек;

жануарлар, тез бүлінетін, қауіпті жүктер, сондай-ақ Қазақстан экспорттық жүктерді және гуманитарлық, әскери жүктерді тасымалдау кезінде — бес пайыздан аспауы керек.

Бронь рәсімделген күні көрсетілген негіздер бойынша кезекте бос орындар жалпы тәртіппен брондау үшін қолжетімді болады.

ЭКЖ-ы арқылы өткізу пунктіне көлік құралдарының жеделдетілген тәртіппен тіркелуі мемлекеттік шекараны жеделдетілген тәртіппен кесіп өту қызметіне ақы төлеген жеке және заңды тұлғаларға қолдануға мүмкіндік берілген.

Төлем мөлшері автокөліктердің, жүк пен тауарлардың өткізілуі және олардың электрондық кезек арқылы өтуі бойынша тарифтерді реттейтін бұйрықпен айқындалады.

Сонымен қатар Мемлекеттік шекараны жеделдетілген тәртіппен кесіп өтуге арналған брондау саны бір жұмыс күні ішінде электрондық кезек жүйесінде тіркелетін өткізу пунктінің нақты тәуліктік өткізу қабілетінің 1 пайызынан аспауы тиіс.
Егер пайдаланушы электрондық кезек жүйесіне жалған немесе дұрыс емес мәліметтер енгізсе, тексеру нәтижесі бойынша тіркеуші оның жеке кабинетін бұғаттайды.

Тіркеуші қызметкерлерінің шешімдеріне, әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне қатысты шағымды оның басшысының атына беруге болады. Мұндай шағымды тіркелген сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде қарастыру міндетті.

Егер ҚР заңнамасында өзгеше көзделмесе, сотқа жүгіну тек Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабының 5-тармағында көрсетілгендей, сотқа дейінгі шағымдану тәртібі өткеннен кейін ғана мүмкін болады.

Сонымен қатар өткізу пункті арқылы кіру және шығу, сондай-ақ мемлекеттік шекараны автокөліктермен кесіп өту мемлекеттік тіркеу нөмірлерін танитын камералар арқылы жүзеге асырылады.Аталған камералар көлік құралдарының өтуін тіркейді, нөмірлік белгілерді таниды және одан әрі өңдеу жұмыстарын жүргізеді.

Мемшекараны кесіп өткен автомобиль көлік құралдарының тіркеу нөмірлерін үздіксіз оқу, сақтау, тіркеу нөмірлерінің деректер базасын жүргізу, қорғалған интернет байланысы/байланыс арнасы арқылы ЭКЖ-мен интеграцияланған көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады.

- ЭКЖ-ы арқылы автомобиль көліктерінің, жүк пен тауарлардың өткізілуі автоматты бөгет немесе басқа кедергілер құрылғыларын пайдалану арқылы жүзеге асады. Олар ЭКЖ-нің МКО-мен немесе МКО пультімен интеграциясы арқылы іске қосылады. Автокөліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі және электрондық кезекке брондау кезінде пайдаланушы енгізген деректер сәйкес келген жағдайда, — деп көрсетілген құжатта.

ЭКЖ-да тіркеу екі жолмен жүзеге асырылуы мүмкін: тіркеушінің сайтында электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалану арқылы немесе СМС не мессенджерлер арқылы жіберілетін кодпен растау арқылы.

ЭКЖ-ы автоматты түрде тексереді:

сақтанушыны, сақтандырылушыны (жүргізушіні), пайда алушыны көрсете отырып, көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру шартының (шарттарының), осындай шарттың қолданылу мерзімінің, көлік құралының (шассидің) сәйкестендіру нөмірінің (VIN) және ЭКЖ-ның бірыңғай сақтандыру деректер базасымен ақпараттық өзара іс-қимылы арқылы мемшекарада мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру үшін қажетті басқа да деректердің болуы;

пайдаланушының мемшекара арқылы автомобиль көлік құралдарын өткізу бойынша ЭКЖ-да броньды пайдаланғаны үшін есепке алу жазбасына (дербес шотына) кепілдік қамтамасыз ету (жарна) сомасын бұғаттау;

автомобиль көлік құралдарының мемшекара арқылы кесіп өткені туралы мәліметтердің болуы ЭКЖ-нің мемлекеттік ақпараттық жүйелермен ақпараттық өзара іс-қимылы арқылы қамтамасыз етіледі.

ЭКЖ-ге енгізілген ақпаратты:

осы қағидалардың 18-тармағының 1), 4), 5), 8), 10), 14), 15), 16), 17), 17-1), 17-2) және 18) тармақшасында көрсетілген деректерді автоматты түрде салыстыруды ҚР бейрезиденттерге қатысты жүзеге асырады;

осы қағидалардың 18-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7), 8), 9), 11), 12), 13), 14), 15), 16), 17-1), 17-2) және 18) тармақшасында көрсетілген деректерді автоматты түрде салыстыруды ҚР резиденттерге қатысты жүзеге асырады.

Сонымен қатар ЭКЖ аталған қағидалардың 18-тармағының 10) және 17) тармақшасында көрсетілген деректер бойынша Қазақстанның резиденттеріне жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында айыппұлдың және/немесе ақылы автомобиль жолдары бойынша жол жүргені үшін берешектің болуы туралы хабарлама жіберіледі.

Ережелерге сәйкес, ЭКЖ-де көліктің көршілес елге шығу үшін өткізу пунктіне кіру күнін және уақытын брондау тек сол көлік үшін осы немесе басқа өткізу пункттерінде жарамды бронь болмаған жағдайда ғана мүмкін болады.
Пайдаланушы автокөлік, жүк және тауарларды мемлекеттік шекара арқылы өткізу үшін төлемді және кепілдік сомасын тіркеушінің есепшотына банк арқылы аудару арқылы жүзеге асырады.

— Сонымен қатар енгізілген түзетулер көп мәрте брондауға шектеулер қояды және брондау уақытын ауыстыру мүмкіндіктерін кеңейтеді, бұл процесс ашықтығы мен басқарылуын қамтамасыз етеді, — делінген құжатта.

Егер қызмет көрсету қолданушының кінәсінен орындалмаса мысалы, ол күту аймағында кедергіні пайдалануға брондаған күні мен уақытында қызметтен бас тартса, СЭО-да броньды тоқтатса немесе көлік құралы күту аймағынан уақытында шықпаса немесе бекітілген уақытта өткізу пунктіне келмесе, онда қызмет көрсетілген болып саналады және толық төленуі тиіс. Қолданушы төлеген қаражат қайтарылмайды.

Сондай-ақ мемлекеттік шекара арқылы көлік құралдарының өткізу пункті үшін СЭО-да броньды пайдалану бойынша кепілдік қамтамасыз ету пайдаланушының шотында (келесі брондауда қайта қолдану немесе қайтару үшін) тек броньды фактілі пайдалану жағдайында (көлік құралы өткізу пунктінен өткен кезде), соның ішінде СЭО-ның мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграциялық өзара әрекеттесуі арқылы расталған кезде ғана ашылады.

Сонымен бірге кепілдік жарна толық ашылуы мүмкін, егер 90 күнтізбелік күн ішінде көлік құралы тағайындалған күн мен уақытта өткізу пунктіне бір рет келмеген болса немесе осы мерзім ішінде бір рет бронь тоқтатылған болса.
СЭО жүйесінде бұрын брондалған кезекті мемлекеттік шекараны кесіп өту күнін және уақытын қайта төлемсіз бір рет ауыстыру мүмкіндігі қарастырылған.

Алайда, броньды басқа броньның тоқтатылуы, ауыстырылуы немесе жойылуынан босалған күн мен уақытқа ауыстыруға (екінші рет брондау) рұқсат берілмейді.
Көлік құралдарының өткізу пунктіне кіруі электрондық кезек жүйесі қалыптастырған тәртіппен ғана жүзеге асырылады және ол күту аймағынан (егер ол қарастырылған болса) мүмкін болады.

Бұл бұйрық  2025 жылғы 23 қыркүйектен бастап күшіне енеді.

Бұған дейін Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы екі өткізу бекетіне халықаралық мәртебесі берілгенін жазғанбыз.

Сонымен қатар Ресеймен шекарадағы павлодарлық өткізу бекеттерін жаңарту жұмыстары басталғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар