Мен үшін ақша емес, нәтиже маңызды – Александр Бублик
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Франция ашық чемпионаты, Ролан Гарростағы нәтижесі, Янник Синнермен өткен кездесуі, жарыстан тапқан табысы туралы Kazinform тілшісіне айтты.

– Сіз спорттық жолыңызда алғаш рет Ролан Гаррос турнирінің ширек финалына дейін жетіп, үздік нәтиже көрсеттіңіз. Жарыстан кейінгі көңіл күйіңіз қалай?
– Менің қандай күйде болғаным ширек финалға шыққан сәтте көрінген шығар. Бұл турнирде көптен бері өнер көрсетіп келемін. Ондаған ойыншыны жеңдім. Көңіл түкпірінде бәрі мүмкін екеніне сендім. Ешқашан мұндай нәтижеге қол жетпесе де, сенімнен айрылмадым. Сол сәт енді туған болар деп ойлаймын. Осы турнирдегі ойын деңгейім бұрын мүмкін болмаған нәрсеге қол жеткізе алатынымды көрсетті. Сондықтан бақыттымын.
– Франция ашық чемпионатында қиындыққа Янник Синнермен өткен матчта тап болдыңыз ба?
– «Үлкен дулыға» турнирінде өнер көрсетудің өзі қиын. Кейде бес сетке дейін созылатын бәсекеде бар күшіңді сарп етуге тура келеді, психологиялық жағынан да оңай емес. Оның үстіне әлемнің бірінші ракеткасына қарсы келсең, тіпті қиын. Ол барлық жағынан бір бас жоғары, сондықтан өте ауыр тиді. Джек Дрейпермен ойыннан кейін бабымды ұстап тұру да қиын болды. Оған қоса соның алдында ATP Challenger додасында жеңімпаз атанғаным бар. Маған сол үш апта ауыр болды. Сондықтан Янникпен бір сет болса да, тайталасып, бәсекеге қабілетті екенімді көрсете алғанымның өзіне шүкіршілік етемін.
– Сіз өзіңізді жанкүйерлер, теннис федерациясы күткен үдеден шыға алып жүрмін деп ойлайсыз ба?
– Мен, ең бастысы, өзім күткен биіктен шыққым келеді. Көбінесе соған жетіп жүрмін. Ал сәті түспесе, қобалжи бастағаным кортта көрініп тұрады. Жүйке жүйесі бізде біреу, ол қайта қалпына келмейді.
– Париждегі жанкүйерлердің қолдауын сезіндіңіз бе? Ол сіздің ойыныңызға тың леп берді ме?
– Әрине, сондай ғаламат стадион мен Джекпен маңызды матчта жанкүйерлер қолдауын сезіндім. Бұл мен үшін шешуші бәсеке еді, алғашқы ширек финалға шығу үшін барымды салдым. Төртінші сетте мен доп беріп, есеп 15:40 болып жатқан сәтте екеумізді қолдаған стадион екіге жарылғандай болды. Бұл ерекше әсер етті, бірақ мұндай стадионда бірінші рет ойнап жатқан жоқпын. Матчтан кейін мені осылай қолдайды деп ойламадым. Стадион толы жанкүйердің тік тұрып, үш минут бойы қол соғуы, әрине, өзгеше көңіл күйге бөледі.
– Сізді бәрінен бұрын не қуантады, тарихи нәтиже ме, әлде ірі көлемдегі табыс па?
– Ақшаға мен әуелден күнкөріс құралы ретінде қараймын. Не қажет болса, соның бәрін сатып алдым. Бәлкім, бұдан да көп табыс тапсам, қаржы туралы түсінігім басқаша болар ма еді. Бірақ мына жағдайда есепшотыма ақша түскеннен мен аспанға ұшып кетпеймін, өмірімде де түбегейлі өзгеріс болады деп ойламаймын. Сондықтан менің жақсы өнер көрсетіп, сондай нәтижеге қол жеткізгенім қаражаттан гөрі маңызды. Өйткені сол матчта жеңіске жеткен кездегі көңіл күйді ешқандай ақшаға сатып ала алмайсың.
– Алдағы уақыттағы жоспар қандай?
– Денім сау болғаны маңызды. Бабымды ұстап, табысқа жеткім келеді.
– Қазан айында Алматы ATP 250 турнирі өтеді. Соған қатысасыз?
– Иә. Өкінішке қарай, өткен жылы жарақат алып қалып, қатыса алмадым. Мен үшін Қазақстанға келіп, өнер көрсеткен қашанда маңызды. Биыл Қазақстанға келіп, өз жанкүйерлерімнің алдында өнер көрсеткім келеді. Бұған денсаулығым мүмкіндік береді деп үміттенемін. Өйткені маусым ұзақ. Алматыға дейін көп уақыт бар. Турнир де көп. Сондықтан өзімді барынша сақтап, Алматыда жоғары ойын өрнегін көрсетсем деймін.
– Әңгімеңізге рахмет. Сәттілік тілеймін.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Лондон ATP 500 турниріне шақырту алғанын жазған едік.