Мен жеңілгенді ұнатпаймын – Әбиба Әбужақынова

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық дзюдошы Әбиба Әбужақынова жылды әлемдік рейтингтің көш басында аяқтады. 

Әбиба Әбужақынова
Фото: видеодан алынған скрин

– Былтыр екінші орында аяқтаған едім, биыл сәті түсіп, бірінші орынмен қорытындылап тұрмын. Барша спортшыларға соны тілеймін. Мен үшін ерекше сәт. Қазақ елі үшін де бұл үлкен қуаныш деп ойлаймын, – деді дзюдошы Jibek Joly телеарнасының Бүгін LIVE бағдарламасында.

Сонымен қатар Әбиба жыл бойына жинаған 5096 ұпай қалай қалыптасқанын түсіндірді.

– Биыл төрт жарысқа қатыстым. Соның бірінде, Гран-приде чемпион атансам, әлем чемпионатында күміс жүлде иелендім. Ал екі Grand slam турнирінде қола медаль алып, барлық жарыстан жүлделі оралдым. Осылайша рейтингтегі ұпай санын арттырып, жылды бірінші орынмен аяқтадым, – деді ол.

Әбиба татамиге қалай шығатынын да жасырмады.

– Татамиге ашумен шығамын. Өзімді жеңілуге болмайды деп жігерлендіремін. Жеңілгенді ұнатпаймын. Мен осы жерде лидермін, мен – мықтымын, деп өз-өзімді қайраймын, – деді дзюдошы.

Еске сала кетейік, Қазақстан дзюдошылары Grand Slam турнирін бір жүлдемен аяқтады. 

Сонымен қатар дзюдодан жастар арасында Қазақстан біріншілігі мәресіне жеткенін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар