Менің досым - Асылбек

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Бала кезден бірге өскен досым Асылбек Іскендрұлы осы шілдеде 70 жасқа толады. Біз екеуміз де бабаларымыз ешкімге жалтақтамай, жанын берсе де, намысын бермей қорғаған бай өлке - киелі Ырғыз өңірінің Құрылыс ауылында дүниеге келдік.
None
None

Сол жерде оқып, өмір жолына бірге аттандық. Асылбек 11-сыныпты Оңтүстік Қазақстан облысы, Бесқұбыр ауылындағы С.Сейфуллин атындағы мектепте 1964 жылы бітірді. Сол жылы Қазақ ауылшаруашылық инстиутына оқуға түсіп, ғалым-экономист мамандығы бойынша 1969 жылы бітіріп шықты. Бұдан кейін ұзақ та мағыналы еңбек жолын Ақтөбе тәжірибе станциясында кіші ғылыми қызметкер болып бастап, еңбек өтілін 40 жылдан асырып барып зейнеткерлік демалысқа шықты.

Оның өмірдегі жүріп өткен жолдары кейінгі буын өкілдеріне өнеге. Қай жерде болмасын, қандай жұмыс жасамасын, ол өзін білікті маман, жоғары қабілетті шаруашылық ұйымдастырушысы есебінде танытты. 1970 жылдарда «Хлебодар» кеңшарында бас экономист болып жұмыс жасаған кезінде, жаңалыққа жаны жақын Асылбек, шаруашылық құрылымдарына шаруашылық есеп жүйесін енгізіп, материалдық ресурстарды үнемді жұмсауға, құрылым басшыларының шаруашылықты тиімді жүргізулеріне үлкен ықпал етті. Оған осындай ізденгіштік қызметі үшін 1974 жылы Ақтөбе ауданының, ал 1978 жылы облыстың «Таңдаулы экономисі» атақтары берілді.
Оның ұйымдастырушылық қабілетінің шырқау шегі Новоресей ауданының Ә. Жангелдин атындағы ұжымшарын басқарған кезінде айрықша көрінді. Бас-аяғы 4-5 жылда ауданның артта қалған ұжымшарын бай, миллионер ұжымшарға айналдырды. Осы жылдарда бұл ұжым бірнеше рет социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, әлденеше рет аудан және облыстың «Құрмет тақтасына» жазылды. Оның басты назарда ұстағаны - ұжымшардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, өндіріске озық тәжірибелерді енгізу, шаруашылықты басқарудың цехтық жүйесіне көшіру арқылы еңбек өнімділігін арттыру. Егіс шаруашылығына жаңа агротехникалық шараларды енгізіп, ірі қара малын сауықтыру, мал басын асылдандыру жұмыстарын жоспарлы түрде жүзеге асыра бастады. Ірі қара малы бір кешенге біріктірілді, сауын сиырлардың қорасы күрделі жөндеулерден өткізілді, жаңартылды, сүт сауылатын қораларға немістің автоматтандырылған қондырғысы орнатылды.
Осы жылдары жастарға үлкен сенім артылып, олардың өндірісте қалуына барлық жағдайлар жасалды. Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілді, 320 оқушыға арналған типтік жобадағы мектеп, 50 балаға арналған балабақша, тұрғындар үшін 20-дан астам тұрғын үйлер салынып пайдалануға берілді.
Әлеуметтік мәселелер жылма-жыл кешенді түрде шешіліп отырды. Халықтың тұрмысы жақсарып еңбек өнімділігі артты, шаруашылық экономикасының рентабельділігі көтерілді. Сөйтіп, шаруашылық өзін-өзі қаржыланыруға көшті. Ол кезде бұл облыс көлемінде болатын бірді-екілі жағдай еді.
Асылбек 1990-2011 жылдары, зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін облыстық ауылшаруашылық басқармасының бас маманы, облыстық экономика комитетінің басқарма төрағасының бірінші орынбасары, кейіннен облыстық экономика және жоспарлау комитеті басқарма төрағасының орынбасары болып қызметтер атқарды. Ол осы облыстық мекемелерде жұмыс жасаған кездерінде де, өзіне тән жаңашылдық ұсыныстарымен облыс көлемінде көптеген тың жобалардың жүзеге асырылуына айтарлықтай үлес қосты. Отан алдындағы адами және азаматтық борышын қалтқысыз еңбегі арқылы өтеп, ар-ождан мәртебесін биік ұстады.
Асылбек Іскендірұлы абыройлы еңбектері үшін мемлекетіміздің бірнеше наградаларына ие болып, әр жылдарда облыс әкімінің, республикалық Экономика министрлігінің грамоталары, Алғыс хаттарымен марапатталды.
Ол қаншама жыл биліктің басында болса да, қара басының қамын күйттеген жоқ, барды қанағат етіп, өскелең ұрпаққа өнеге болып, үлкенге де, кішіге де үлгі бола білді. Асылбек өзінің «Ризамын тағдырға» деген кітабында адам өмірінде екі нәрсені дұрыс таңдау керек деп жазады. Оның бірі - мамандық, екіншісі - жар. Ол осы таңдаудың екеуінен де жаңылыспаған. Мамандығының шырқау шегіне жетіп, еліміздің, Ақтөбе өңірінің өркендеуіне өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Ал жары Үмітпен Асылбек 46 жыл бірге отасып келеді. Ол өмірдегі сенімді серігі, жоғары білімді мұғалім, кеңпейіл, ағайын-туысқа үлкен құрметпен қарайтын, бір әулеттің сыйлы келіні, парасатты ана. Екеуі Назгүл, Арман, Әнуар есімді үш бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде балаларының бәрі де шаңырақ құрған, 5 немере сүйіп отырған бақытты отбасы. Қызы Назгүл жоғарғы санаттағы дәрігер, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің доценті, медицина ғылымдарының кандидаты. Қазіргі қоғамда белең алған жүрек-қан тамырларын емдеу-сауықтыру шараларын ғылыми жолмен емдеуге өз үлесін қосып келеді. Үлкен ұлы Арман осы университеттің әскери кафедрасының меңгерушісі, полковник. Кіші ұлы Әнуар да жоғары білімді, мұнай саласының маманы.
Біздің достығымыз ұзақ жылдардан бері жалғасып келеді. Мен Асылбек сияқты досымның барын мақтан тұтамын және мен сияқты мақтаныш ететін дос-жарандары көп.

Қалман ЖАЛАЛОВ,
Ақтөбе қаласы, "Ақтөбе" газеті.

Соңғы жаңалықтар