МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ: Үш ұлттың салт-дәстүрін берік ұстанатын үлгілі шаңырақ - Кофлер әулеті

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ырыс алды - ынтымақ» дейді дана халқымыз. Осы бір аталы сөз Ақтөбе облысы Қарғалы ауданындағы Петропавловка ауылының тұрғындары Эдуард Францевич пен Ольга Николаевна Кофлерлердің отбасына арналып айтылғандай, деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында.
None
None

Олар - 1945 жылы Польшадан осы өңірге қоныс аударған неміс ұлтының өкілі. Кофлерлер сол бір қиын-қыстау кезде өздеріне құшағын айқара ашқан қазақ топырағына тамыр тартып, сонда тұрақтап қалған еді. Ұрпақ өрбітті. Өзге ұлттармен терезесі тең тіршілік етті. 1989 жылы Эдуард Францевич пен Ольга Николаевна шаңырақ көтерді. Үш перзент сүйіп, олардың қанатын қатайтып, қатарынан қалмас азамат етіп өсірді. Олар неміс халқына тән тазалық пен ұқыптылықты, еңбекқорлықты бойларына сіңіріп өсті. Өздері тамыр тартқан қазақ топырағының да ізгілікті әдет-ғұрпынан да бойларын аулақ салған емес. Сондықтан да болар, ауылдастары арасында тірлігі де, бірлігі де берік ағайынға айналып, ынтымағы жарасып кетті. Қазір бұл жанұя ауылдағы ғана емес, аудандағы, қала берді облыстағы үлгілі де өнегелі, сыйлы да құрметті отбасылардың бірі ретінде ақтөбеліктерге жақсы таныс. Күні кеше өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде бірінші орын алуы да бұл шаңырақты бұрынғыдан да танымал ете түсті.

Енді олар осы байқаудың республикалық кезеңінде облыс атынан сынға түсетін болады. Бала кездерінде еңбекпен біте қайнасқан өнегелі отбасы мүшелері қазіргі таңда өз нәпақаларын өздері айырып, «Алма» шаруа қожалығын құрып отыр. Шаруа қожалығы картоп, көкөніс өсірумен айналысады, сондай-ақ, алма бағы мен балық баптайтын тоғаны да бар. Эдуард Францевичтің ата-бабалары да еңбекқорлықтарымен ерекшеленген адамдар болған. Әкесі Франц Эдельбертович «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет Белгісі» ордендерімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталса, анасы Ирма Даниловна «Халық ағарту ісінің үздігі» төс белгісінің иегері. Өткен кеңес дәуірінде олардың жетістіктері туралы бұқаралық ақпарат құралдарының жазбағандары сирек деуге болады. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, ата-бабаларынан Эдуард Францевич те бір мысқал қалыс қалмады, ұлағатты үрдісті жөнімен жалғастыра білді. Ол «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды, өзі туып-өскен Қарғалы ауданында «Жыл адамы» атағын алды, алғыс хаттар мен мақтау қағаздары да жетерлік. Әрине, мұндай марапаттар мен ауылдастарының құрметі оңайлықпен келген жоқ. Ол сонау күрделі кезеңде қаладағы жайлы жұмысын тастап, кеңшардан 2 гектар жерді жалға алып, бейнет кешті. Бұл ауыл шаруашылығымен айналысудың алғашқы қадамы болатын, кейін жолдасы Ольга Николаевна екеуі ауылға біржола қоныс аударды. Тәуелсіздік таңы енді атып келе жатқан өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары, халықтың көпшілігі өз үйлерін, ауылдарын тастап, қалаға үдере көшкенде Эдуард Францевичтің отбасымен жылы орнын суытып, ажары тайған ауылға ат басын бұруы біреулерге кәдімгідей ерсі көрінгені де шындық. Әкесінің ісін жалғастыру үшін жұмыстан шығып, пәтерін сатып, туған ауылына қайта оралуының өзі сол кез үшін ерлікпен пара-пар батыл қадам болатын. Эдуард Францевичтің шаруа қожалығының басшысы ретінде мақсаты өзінің туған жерінде өнімділігі жоғары аграрлық озық технологияларды қолдана отырып, жердің құнарлылығын сақтап, келешек ұрпаққа жеткізу, барынша мол қайтарыммен еңбек ету болып табылады. Сондықтан да жарғақ құлағы жастық көрмей, тырбанып тірлік қылудан жалыққан емес. Бұл, біріншіден, өз тұрмысын түзеуге, екіншіден, ізінен ерген ұлдарының жермен жұмыс істеуге деген ынта-жігерін оятуға, сөйтіп ұрпақтар сабақтастығының үзілмеуіне жеткізетінін бек түсінеді. Ол үкіметтік қолдауды пайдалана отырып, мемлекеттік бағдарлама шеңберінде заманауи техника, оның ішінде картоп жинайтын комбайн сатып алды. Мұның бәрі еңбек өнімділігін арттыруға, картоп өсіретін алқап көлемін ұлғайтуға көмегін тигізді, картоптың шығымдылығы жоғары сұрыптарын сатып алуға, 756 шаршы метр аумақта көкөніс өсіретін жылыжай салуға мүмкіндік берді. Шаруа қожалығы облыс орталығын сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге өз үлесін қосып келеді, сондай-ақ, жыл сайын оның көлемін арттыра түсуде. Кофлер отбасында ұрпақтар сабақтастығы, еңбекқорлық дәстүр сақталуда. Эдуард Францевичтің әкесі қарапайым жүргізушіден «Казсельхозтехника» кәсіпорнында бас инженерге дейінгі еңбек жолынан өтті. Эдуард Францевичтің өзі облыстағы алдыңғы қатарлы шаруа қожалықтарының бірін құрса, үлкен ұлы жоғары білімді Артур да әкесінің ісін жалғастыруда. Ол «Эко Агро» шаруа қожалығын құрып, жұмыс істеуде, алдағы уақытта қаз фермасын ашуды ойластыруда, сондай-ақ, қой өсірумен айналыссам деген де ойы жоқ емес. Әр ата-ананың, әр отбасының арманы өмірге ұрпақ әкеліп, оларды лайықты тәр¬биелеп өсіру екені сөзсіз. Эдуард Францевич пен Ольга Николаевнаны бұл жағынан да бақыт¬ты жандар деуге әбден болады. Отба¬сында алтын асықтай екі ұл, бір қыз өсірсе, келіні Әлия да өз қыздарындай болып кеткенін ылғи да мақтанышпен айтып отырады. Осындай отбасында туған, іс жүзінде тәрбие, мәдениет, еңбексүйгіштік үлгілерін алған бала¬лар да талапты да талантты болып өсті. Биыл ғана мектеп бітірген егіздер Эдуард пен Эри¬ка «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген¬дей, қатарларының алды болып ержетті. Оларға отбасындағы ынтымақ пен бірлікке негіз¬делген тәлім-тәрбиенің, алдындағы Артур¬дың үлгі-өнегесінің әсері мол болғаны сөзсіз. Мұның өзі тек қана оқу мен мектеп бағдар¬ламасына қатысты емес. Олар әрқашан ауыл мен мектептің қоғамдық өміріне белсене қатысады. Олардың дене шынықтыру және спортпен айналысуы - бала күндерінен қалыптасқан әдемі әдеті, дәстүрлі дағдысы. Олар түрлі олимпиадалар мен сайыстарға қатысып, жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, балалар қолөнермен, ағаштан ою оюмен, моншақ тоқумен, тас қашаумен айналысады. Ынтымақ дегеннен шығады, Кофлерлер отбасы - көпұлтты, интернационалды шаңырақ. Отағасы Эдуардтың ұлты - неміс, зайыбы Ольга Николаевна - украин қызы, ақылына ажары сай келіні Әлия - қазақ аруы. Бұл тату отбасында осы үш ұлттың бар¬лық салт-дәстүрлері ұсталынады, айтулы мере¬келері айшықты тойланады. Елбасы Н.Назар¬баевтың жүргізіп отырған қоғамдық, ұлтара¬лық, конфессияаралық келісім саясатын қолдауға бұл отбасы да өз үлестерін қосып отыр деу орынды болмақ. Э.Кофлер отбасының ең бір ерекшелігі - олардың адамгершіліктері, Отанға деген сүйіспеншілігі, еңбекқорлығы, қарапайым¬дылықтары, ауылдастарына деген құрметтері мен мұң-мұқтаждарына көмек қолын созулары десек, артық айтқандық болмас. Міне, біз білетін Кофлерлер отбасының өнегелі өмір салты мен тұрмыс-тіршілігі осындай. Мұның өзі өскелең ұрпаққа, жас отбасыларға үлгі боларлық өнеге екені сөзсіз.

Соңғы жаңалықтар