Мешіт 140 отбасыға көмек көрсетті - Ақтөбе
АСТАНА. ҚазАқпарат - Рамазан айынан басталған қайырымдылық шаралары әлі жалғасып жатыр. Айт күндері Ақтөбе қалалық орталық мешіті аутизм және сал ауруына шалдыққан балаларға көмек көрсетті, деп жазды Ақтөбе газеті.
Мешіттің бас имамы Серікжан Еншібайұлы «Тарлан» медициналық орталығындағы аутизмге шалдыққан және мүмкіндігі шектеулі балаларға азық-түлік пакетін әкелді. Орталықта әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыдан шыққан және тек аналары тәрбиелеп отырған балалар бар. Бас имам осындай балаларға ішінде сұйық май, ұн, қант, күріш және өзге де тәтті тағамдарға толы пакетті таратты. Ата-аналар мешіт ұжымына алғысын айтты. Сал ауруына шалдыққан ұлын орталыққа әкеліп жүрген Шара Қалменова ризашылығын білдірді.
- Мүмкіндігі шектеулі балаларды бағып, өсіріп отырған аналарға қамқорлық танытып, қол ұшын созғандарыңызға алғысымыз шексіз, - деді ол.
Жалпы мешіт тарапынан Рамазан айында 140 отбасыға азық-түлік пакеті таратылса, үш науқас адамның әрқайсысына отыз мың теңгеден дәрі-дәрмек алу үшін қаржылай көмек берілген. Сондай-ақ Рамазан айының соңына дейін әр күн сайын 70-80 адамға ауызашар жасалып отырған.
- Рамазан - жылына бір рет келетін, сауаптар еселеніп жазылатын қасиетті ай. Ораза басталған уақыттан бері қайырымдылық шаралары тоқтаған жоқ. Оның ішінде Айт мерекесі ерекше атап өтілді. Айт мерекесін балалар сезінуі үшін арнайы бағдарлама ұйымдастырылды. Оларға ұлттық ойындар ойнатылып, тәттілер мен ойыншықтар таратылды. Себебі әлі күнге дейін Айт мейрамы тек діни рәсім ретінде қаралып келеді. Балалар Жаңа жыл, 8 наурыз секілді мерекелерді білгенімен айтты әлі мейрам ретінде қабылдамайды. Сондықтан ұлттық дәстүрді қайта жандандыру мақсатында осындай шара өткіздік. Сонымен бірге басқа ағымда адасып жүрген 40 қандасымыздың отбасына барып, жағдайын біліп, азық-түлік пакетін бердік. Себебі жат ағымда жүрген азаматтардың көпшілігі түзету мекемесінде отырғандықтан, әйелдеріне балаларын асырау оңай емес. Сондықтан мешіттегі қызметкер әйелдер олардың үйлеріне азық-түлік пакеттерін апарып берді,- деді бас имам.
Мешітте қайырымдылық шарасы төрт бағыт бойынша жүргізіледі. Оның бір бағыты - апта сайын мұқтаж жанға көмектесу. Серікжан Еншібайұлының айтуынша, мешіттен көмек сұрап келетіндердің қатары көп. Оның ішінде шетелде ота жасату үшін және дәрі-дәрмек алу үшін қаржы сұрайтындар бар. Олардың барлығына мешіт ұжымы кезек бойынша көмек көрсетеді. Мешітке келген жамағат тарапынан және демеушілердің көмегімен қажетті қаржының барлығы болмаса да жол-пұлына жетерлік ақша жиналып беріледі. Бір сөзбен айтқанда, мешіттен көмек сұраған азаматтар құр қол қайтпайды. Жыл он екі ай бойы осындай игі істер жалғаса береді.