Мейіргерлер қабылдау жүргізеді: жаңа жүйе тиімді ме

АСТАНА. KAZINFORM — Өткен жолы елімізде алғашқы медициналық көмектің жаңа моделі енгізілгені туралы жазған едік. Өзгеріс бойынша енді емханаларда мейіргерлер де науқас қабылдай алады.

Мейіргерлер қабылдау жүргізеді: жаңа жүйе тиімді ме
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Пилоттық жоба алғаш рет былтыр қыркүйек айында Елордадағы № 5 қалалық емханасында жүзеге аса бастады. Жүйе жұмысты жеңілдетті ме? Жаңа тәжірибе қаншалықты тиімді? Kazinform тілшісі анықтап көрді.

Мейіргерлер қабылдау жүргізеді: жаңа жүйе тиімді ме
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

— Жаңа жүйеге сәйкес, мейіргерлер дәрігерге дейінгі барлық қызметтерді өздері көрсетеді. Мысалы, инсульттің алдын алу, онкологиялық ауруларды болдырмау мақсатында тұрғындарды емханаға шақырамыз. Қажетті анкеталар толтырылады, тұрғындардың скринингтен өткен-өтпегенін, қандай вакцина алғанын немесе алмағанын анықтаймыз. Сонымен қатар, бұйрыққа сәйкес диспансерлік есепте тұрған науқастардың дәрі-дәрмекті уақытылы алуын қадағалаймыз. Қабылдауға келген әрбір пациенттің жыл сайын тапсыруы тиіс анализдері мен УЗИ сияқты диагностикалық тексерулерден өту барысын тексереміз. Бірнеше сауалнама жүргізіп, дәрігердің қабылдауына барғанда қажет болатын барлық ақпарат пен анализдерді толықтай дайын күйінде өткіземіз, — дейді емхана мейіргері Айман Нұрғалиева.

Жаңа алгоритм бойынша мейіргерлер 1 айға жоспар құрады. Кейін сол жоспар бойынша күніне 20-ға жуық науқасты өздігінен қабылдайды екен.

— Мен бір айға алдын ала жоспар жасаймын. Ол үшін арнайы график түзіледі. Мысалы, маған ертең келетін науқастарды бүгін қарап, барлық қажетті ақпаратты алдын ала дайындап қоямын. Пациенттерді өзіміз телефон арқылы шақырамыз. Келген адамды толықтай тексеруден өткізіп, жағдайына қарай тиісті маманға жолдаймыз. Қазір күніне 15–18 пациентке дейін қабылдаймыз. Мысалы, бүгін 20 адамды қабылдауға жазылса, олардың бәрі келе бермейді, — дейді маман.

Айман Нұрғалиева жаңа жүйеде жұмыс істеуді әлі де үйреніп жүргенін айтады. Оның сөзінше, бұл тәртіпке науқастар да риза.

Мейіргерлер қабылдау жүргізеді: жаңа жүйе тиімді ме
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

— Жаңа жүйе бойынша қызмет алып жүрген науқастар риза. Артық жүгірістің азайғанын айтып жатыр. Дәрігердің қабылдауында ұзақ уақыт кезекте тұрғанша, алдымен бізге келіп, дәрігерге дейінгі қызметтерді алған олар үшін әлдеқайда тиімді. Жалпы, бұл жаңа жүйе бойынша жұмыс істеуді әлі де меңгеріп жатырмыз. Дегенмен, оның тиімді тұстары көп екенін көріп отырмыз, — дейді мейіргер.

Мейіргердің бұл сөзін емханада ем алатын науқастар да растап отыр. Қала тұрғыны мейіргерлердің жұмысына алғашында таңқалғанын да жасырмады.

Мейіргерлер қабылдау жүргізеді: жаңа жүйе тиімді ме
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

— Менің гипертониялық аурумен есепте тұрғаныма 10 жыл болды. Мейіргерлерге разымын. Олар өздері хабарласып, шақырады. Бұрын өзіміз келіп, кабинеттен кабинетке жүгіріп жүруші едік. Мейіргерлер тексеріп, бәрін өздері алдын ала дайындайды. Бұрын мұндайды көрмеген соң алғашында таңқалдық. Қазір дәрімізді де уақытылы алып отырмыз, — дейді Жанар Анатбаева.

№ 5 қалалық емханасы жаңа жүйедегі тәжірибесін еліміздің барлық өңірінен келген дәрігерлермен бөлісіпті. Ал өздері бұл тәсілді жыл басынан бері өндірістік жұмыс тәртібіне толық енгізіп үлгерген.

Мейіргерлер қабылдау жүргізеді: жаңа жүйе тиімді ме
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

— Қазір бізде жоғары білімі бар 13 мейіргер науқастарды қабылдап жатыр. Олардың алған жоғары білімімен қоса, алдымен науқастарды қабылдау жұмыстарын да толықтай үйреттік. Сол тәжірибемізді өзге өңірлермен де бөлістік. Министрліктің бұйрығы бойынша барлық өңірден 5 бас дәрігер келіп, жаңа жүйемен танысты. Жаңа жүйеге қатысты пациенттерден де жақсы пікірлер келіп жатыр. Мейіргерлерге де осылай жұмыс істеген ұнады, — дейді емхана директоры Алтыншаш Табулдина.

Мейіргерлер қабылдау жүргізеді: жаңа жүйе тиімді ме
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform
Мейіргерлер қабылдау жүргізеді: жаңа жүйе тиімді ме
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform
Мейіргерлер қабылдау жүргізеді: жаңа жүйе тиімді ме
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform
Соңғы жаңалықтар