Microsoft ЖИ көмегімен 500 миллион доллардан астам қаржы үнемдеді
АСТАНА. KAZINFORM – Технологиялық алпауыт Microsoft компаниясы өткен жылы Call-орталықтарында жасанды интеллектті (ЖИ) қолдану арқылы 500 миллион доллардан астам қаржы үнемдеген. Бұл туралы Bloomberg News дерегіне сүйене отырып, Report агенттігі хабарлады.

Өткен аптада компания шығындарды бақылау мақсатында және ЖИ инфрақұрылымына салынған ірі инвестициялар аясында жұмыс күшінің шамамен 4 пайызын қысқартуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген. Мамыр айында Microsoft 6 мыңға жуық қызметкерді жұмыстан босатқанын хабарлаған.
Microsoft-тың коммерциялық директоры Джадсон Альтхофф осы аптадағы таныстырылым кезінде ЖИ құралдары сату, клиенттерге қызмет көрсету және бағдарламалық жасақтама әзірлеу сияқты бірнеше салада өнімділікті арттыруға көмектесіп жатқанын айтты. Компания сонымен қатар шағын клиенттермен өзара әрекеттесу үшін де ЖИ-ді қолдана бастаған.
– Шағын клиенттермен жаңа бастама компанияға он миллиондаған доллар табыс әкеліп жатыр, – дейді Альтхофф.
Сонымен қатар, ЖИ жаңа өнімдерге арналған кодтың 35 пайызын өзі жасағаны атап өтілуде. Бұл өнімдерді нарыққа шығару мерзімін едәуір қысқартуға көмектескен.
Айта кетейік, Microsoft корпорациясы биылғы екінші қысқарту толқынында 9 мың қызметкерін жұмыстан босататынын мәлімдеді.