Михаил Кукушкин Франциядағы жарыстың ширек финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық, әлемнің 317-ракеткасы Михаил Кукушкин Лион (Франция) челленджер турнирінің ширек финалына өтті.

Кукушкин
Фото: Sports.kz

Жарысты іріктеу сайыстарынан бастаған 37 жастағы қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 168-ракеткасы, франциялық Люка ван Аштың мысын басты.
Бірінші партияда Кукушкин айқын басымдылық көрсетті — 6:2.

Тартысты өрбіген екінші сетте тай-брейкте таразы басын өзіне аудара білді — 7:6 (7:5).

Екі сағатқа созылған бәсекеде М.Кукушкин 6 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Франциялық спортшы 10 эйс жасағанымен, 5 брейк-пойнттан ештеңе шығара алмады.

Осылайша, іріктеу сайысын қосқанда, қатарынан төрт жеңіске қол жеткізген Михаил Кукушкин жартылай финалға шығу үшін әлемнің 260-ракеткасы, тағы бір франциялық Том Пэриспен таласады. 

Қазіргі кезде қазақстандық теннисші ATP Live рейтингісінде 292-орынға көтеріліп тұр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Франциядағы турнирде қатарынан үш матчта жеңіске жеткенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар