Михаил Кукушкин Ұлыбританиядағы турнирде чемпиондыққа таласады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 293-ракеткасы Михаил Кукушкин Глазго (Ұлыбритания) челленджер турнирінің финалына жолдама алды.
Қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемнің 300-ракеткасы, чехиялық, 21 жастағы Гинек Бартонмен сынға түсті.
Бірінші партияда 38 жастағы Кукушкинге бір брейк жеткілікті болды — 6:4
Есесіне екінші сетте Бартон 3:0 есебімен алға кетті. Бірақ қазақстандық спортшы таразы басын теңестіріп қана қоймай, тай-брейкте жеңісті жұлып алды — 7:6 (7:4).
Бір сағат 45 минутқа созылған бәсекеде Кукушкин 2 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың тең жартысын құр жібермеді. Бартон 14 эйс, 1 брейкпен (2 брейк-пойнт) көзге түсті.
Михаил Кукушкин финалда әлемнің 215-ракеткасы, франциялық Клеман Шидехпен чемпиондық атақты сарапқа салады.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 195-ракеткасы Тимофей Скатов Нонтхабури (Таиланд) челленджер турнирінің финалынан тыс қалды. Ол жартылай финалда күтпеген жерден 373-орындағы испаниялық Пол Мартин Тиффонға есе жіберді — 2:6, 4:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Глазго турнирінің жартылай финалында ойнайтынын жазған едік.