Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан әлемдік рейтингте екінші орнын сақтап қалды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Франциядағы Гран-при кезеңінде оныншы орын алғанына қарамастан, Халықаралық конькишілер одағының (ISU) әлемдік рейтингінде екінші орнын сақтап қалды.

Михаил Шайдоров
Фото: ҚР ҰОК

Францияның Анже қаласында өткен Гран-при сериясының алғашқы кезеңінде Олимпиада чемпионы оныншы орынға тұрақтады. Еркін бағдарламада қазақстандық спортшы бірнеше қателік жіберіп, мұз үстінде құлап қалды.

Бұған дейін Шайдоров осы серияның кезеңдерінде үнемі үздік бестіктің қатарынан көрініп келген еді.

Алайда Франциядағы сәтсіз өнері оның әлемдік рейтингтегі орнына әсер еткен жоқ. ISU-дың кейінгі мәліметі бойынша, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушының еншісінде 4 193 ұпай бар.

Рейтинг көшін 4 590 ұпай жинаған америкалық Илья Малинин бастап тұр. Екінші орында — Михаил Шайдоров, ал үшінші сатыға 4 123 ұпаймен жапониялық Юма Кагияма жайғасқан.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада чемпионы
Михаил Шайдоров Словакияның Братислава қаласында өткен ISU Challenger сериясының Memorial Ondrej Nepela халықаралық турнирінде қола медаль жеңіп алғанын хабарлағанбыз.