Миллиардтардан көне жәдігерге дейін: Қайтарылған активтер қайда кетіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы жылдары Қазақстанның қоғамдық-саяси кеңістігінде «заңсыз активтерді қайтару» ұғымы жиі айтыла бастады. Миллиардтаған теңге мен шетел валютасы, жылжымайтын мүлік, кәсіпорындар, бағалы заттар мен тарихи жәдігерлер елге оралып жатыр.

қайтарылған активтер
Фото: Kazinform/ЖИ

Бұл активтер кімнен және қалай қайтарылады? Кез келген ауқатты кәсіпкердің мүлкі тексеріле ме? Неліктен актив иелері туралы ақпарат толық жарияланбайды? Ең бастысы – қайтарылған қаражаттың нәтижесін қарапайым қазақстандық сезіне ала ма? Осы және өзге де сұрақтарға ҚР Бас прокуратурасы Активтерді қайтару қызметінің басшысы Нұрдәулет Сүйіндіков «Bizdin orta» подкастында жауап берді.

Кез келген бай адамның мүлкі тексеріле ме

Қазақстанда заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару тетігі 2023 жылғы 12 шілдеде қабылданған арнайы заңмен реттеледі. Құжатта активтерді қайтару, ең алдымен, жоғары мемлекеттік лауазым атқарған немесе атқаратын тұлғаларға, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне және олармен үлестес тұлғаларға қатысты қолданылатыны көрсетілген. Бұл ретте активтердің жиынтық құны заңда белгіленген шектен – 13 млн АЕК-тен (56,225 трлн теңге ) асуы қажет.

Н. Сүйіндіковтің айтуынша, активтерді қайтару үшін адамның тек қана бай болуы жеткілікті негіз емес.

– Бұл «Бай болсаң болды, саған келіп сұрақ қояды» деген сөз емес. Қазақстанда өз еңбегімен дәулет жиған ауқатты азаматтар көп. Өмір бойы бизнес саласында жұмыс істеп, мемлекеттен еш жеңілдік алмаған, заңсыз әрекетімен көзге түспеген, керісінше зауыт салған немесе қызмет көрсету саласында бизнес құрған кәсіпкерлер бар. Оларға тек байлығы үшін сұрақ қоя алмаймыз, – деді ол.

Бас прокуратура өкілі кез келген адамның активін тексеру үшін үш шарттың қатар келуі маңызды екенін түсіндірді.

– Біріншіден, адамның немесе онымен байланысты тұлғалардың активтері белгіленген шектен (13 млн АЕК) асуы керек. Екіншіден, активтердің заңды жолмен алынуына қатысты қисынды күмән болуы қажет. Бұл «түсімде көрдім» деген бос күмән емес. Активтерді қайтару туралы заңда «Қисынды күмәндар» атты арнайы бап бар. Сол бапта мемлекеттік мүлікті жекешелендіргендер, елден бөлек арнайы жеңілдік алғандар немесе қылмыстық істерде, құқық қорғау органдарының шұғыл ақпаратында есімі аталғандар, шетелде қылмыспен көзге түскендер деген сияқты оннан астам негіз көрсетілген, – деді спикер.

Үшіншіден, қисынды күмән мен байлық мөлшерінен бөлек, тұлғаның мемлекеттік билікпен немесе әкімшілік ресурспен байланысы болуы қажет.

– Сонда осы үш негізгі белгіні біріктірсек, мониторинг жүргізуді бастаймыз. Әрбір ақпаратты жинап, досьені жинақтаймыз. Ал егер үш белгінің біреуі ғана байқалса, бұл тұлға назарға алынбайды. Барлық талап жиынтық ретінде қаралады, – деді Нұрдәулет Сүйіндіков.

Туыстардың атындағы мүлік қалай тексеріледі

Заң мұндай жағдайларды да ескерген. Мүлік басқа адамның атына рәсімделген жағдайда арнайы заңдағы «Байланысты тұлғалар» ұғымы қолданылады. Оған жақын туыстар ғана емес, номиналды тұлғалар, бизнес-серіктестер және басқа да байланысты оннан астам субъектілер кіруі мүмкін.

– Бұл тетіктің мақсаты – активтің нақты бақылаушысы мен заңды иесінің арасындағы байланысты анықтау. Яғни қымбат мүлікті басқа адамның атына рәсімдеу оның активтерді қайтару жүйесінен автоматты түрде тыс қалатынын білдірмейді. Бір адамның айналасындағы бірнеше компанияны тексереміз, – деді Активтерді қайтару қызметінің басшысы.

Соңғы шешімді прокуратураның өзі ғана қабылдамайды. Барлық жиналған ақпарат Активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі арнайы комиссияның қарауына шығарылады.

Бұл комиссияны Премьер-Министрдің өзі басқарады. Құрамында Құрылтай депутаттары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, меморган басшылары сынды 20-ға жуық адам бар. Дәл осы құрам күдікке алынған адамды арнайы тізілімге қосу не қоспау туралы шешім шығарады. Егер адам арнайы тізілімге қосылса, әрі қарай активтерді қайтару бойынша егжей-тегжейлі жұмыс басталады.

«Түсініксіз байлық» деген не

Заңда «активтердің түсініксіз шығу тегі» деген ұғым да бар. Бұл тетік халықаралық тәжірибеде бұрыннан қолданылып келеді. Қарапайым тілмен айтқанда, адамның ресми табысы мен иелігіндегі мүлкінің құны бір-біріне сәйкес келмесе, оның қайдан және қандай қаражатқа алынғаны туралы сұрақ туындайды.

– Мысалы, өмір бойы қарапайым жұмыс істеген адам төрт қабатты коттеджді қайдан алды деген сұрақ туындауы мүмкін. Көптеген елдерде азаматтар табысы мен мүлкіне қатысты есеп беруге дағдыланған. Сондықтан ресми кірісте көрсетілмеген, шығу тегі құжатпен расталмаған мүлік анықталса, «Түсініксіз байлық» ұғымы қолданылады. Егер мемлекет сұрақ қойғанда адам мүлкінің қайдан келгенін және оны қандай қаражатқа алғанын дәлелдей алмаса, сот мүлікті тәркілеп алуы мүмкін. Сол тетік біздің 2023 жылы қабылданған заңның негізгі жаңалықтарының бірі саналады, – дейді Н. Сүйіндіков.

Қазақстанда да мәжбүрлеу шарасы ретінде Активтерді қайтару қызметі сотқа талап арыз береді. Сотта жауапкер өз мүлкін заңды жолмен және заңды қаражатқа алғанын нақты дәлелдеуі керек. Дәлел жеткіліксіз болған жағдайда, сот мүлікті мемлекет кірісіне айналдыру туралы шешім шығара алады.

Бұл ретте активтерді қайтару шаралары адал кәсіпкерлерге және адал несие берушілерге қолданылмайды. Керісінше заң олардың құқықтарын қорғайды.

– «Кінәсіздік презумпциясы» қайда қалды деп сұрайтындар табылады. Бұл әбден зерттелген тақырып және адамды құқықтық жауапқа тарту мәселесіне қатысты ұғым. Ал біз адамға емес, мүлікке талап қоямыз. Жеке адамның құқықбұзушылық жасаған-жасамағанын анықтамаймыз. Сондықтан «Кінәсіздік презумпциясы» бұл жерде жұмыс істемейді, – деді ол.

Сондай-ақ Конституцияда «Адамның жеке меншігінің қорғалуына» кепілдік берілген. Бұл да активтерді қайтару туралы заңға қайшылық келтірмейтіні айтылды.

– Әлемдік құқықтану саласында мемлекет тек заңды жолмен алынған мүлікке кепілдік береді және оны қорғайды. Біреудің теледидарын ұрлап алсаңыз, мемлекет оған кепілдік бермейді ғой. Сондықтан мүлік заңды жолмен алынса, адал кәсіпкер бослаңыз, сізге ешқандай сұрақ қойылмайды, – деді подкаст қонағы.

Неліктен заңсыз активті қайтарғандардың есімі жарияланбайды

Қоғамда «Ақша кімнен қайтарылды?» деген сауал жиі қойылады. Нұрдәулет Сүйіндіковтің айтуынша, активтерді қайтарған азаматтардың есімдерін жариялауға заңмен шектеу қойылған.

– Қоғамда бұл тұрғыда түсіністік таптық деп ойлаймын. Жасырары жоқ, бұқаралық ақпарат құралдарында кейбір фамилиялар айтылып жатады. Біздің ойымызша, компанияның өзінде жүздеген адам жұмыс істейді, кейде сот шешімдері шығып қалады, кейде қауесет тарайды. Халқымыз сондай жарияланымдарға қарап, өздері тұспалдамаса, біздің тарап арнайы тізілімге кірген тұлғалардың атын атап, жария етпейді, – деді спикер.

Бұл ретте активтер мемлекетке негізінен екі жолмен – ерікті және мәжбүрлі түрде қайтарылады. Әсіресе, мемлекет ерікті қайтаруға басымдық береді.

Бұл жағдайда тұлға ақшаны немесе мүлікті мемлекетке береді немесе ел экономикасына инвестициялық және әлеуметтік жобаларды іске асыру жөніндегі міндеттемені өз мойнына алады.

– Ерікті түрде қайтару уақыт пен қаражат үнемдеуден бөлек, субъектілердің өзіне де көп артықшылық береді. Ерікті түрде қайтарса комиссия шешімімен активтердің бір бөлігі өзіне қалуы мүмкін. Бұл заңда көрсетілген. Президентіміз мұндай тұлғаларға бірнеше рет үндеу жасады. «Егер шетелге заңсыз шығарылған активтерді ел экономикасына қайта құйсаңыздар, ірі жобаларды инестициялап, жаңа жұмыс орындарын ашсаңыздар, бұрынғы активтердің пайда болу көздеріне қойылатын сұрақтар азаяды» деп айтты. Кей адамдар қызықтағысы келіп, «Нақты кімді қуадалыңдар?» деп сұрайды. Ал шын мәнінде активтерді қайтарудың басты мақсаты – әлеуметтік әділетті қалпына келтіру және заңсыз шығарылған активтерді экономикалық айналымға қайтару. Осы екі мақсат орындалса, басқа қудалау жоқ, – деді Нұрдәулет Сүйіндіков.

Қандай активтер қайтарылды

Активтерді қайтару нәтижесі тек ақшамен өлшенбейді. Мемлекетке ақша, жылжымайтын және коммерциялық мүлік, кәсіпорындардағы үлестер, бағалы заттар, зергерлік бұйымдар және басқа да активтер кері алынған.

Нұрдәулет Сүйіндіковтің айтуынша, қазіргі таңда мемлекет кірісіне нақты қайтарылған активтердің көлемі шамамен 1,3 трлн теңгені құрайды. Бұған қоса, заң субъектілері Қазақстанда инвестициялық және әлеуметтік жобаларды іске асыруға 5,2 трлн теңге көлемінде міндеттеме қабылдаған. Жалпы алғанда, қайтарылған және ел экономикасына бағытталған активтердің көлемі 6,5 трлн теңгеге жуықтайды.

Әсіресе осы уақытқа дейінгі ең ірі қайтарылған активтердің бірі – жарты миллиард доллар көлеміндегі ақшалай қаражат. Бұл шамамен 220 млрд теңге.

Активінің заңсыз жолмен алынғанын мойындамаған немесе оны мемлекетке өз еркімен қайтаруға келіспеген тұлғалар мәселесі сот арқылы шешіледі. Уәкілетті орган активтің шығу тегіне қатысты жинақталған материалдар негізінде сотқа талап арыз береді. Егер сотта активтің қайдан алынғаны дәлелденбесе, мемлекет кірісіне беріледі. Н. Сүйіндіковтің айтуынша, осындай сот шешімдері негізінде 100 млрд теңгеден астам актив мемлекетке мәжбүрлі жолмен қайтарылған.

Спикердің айтуынша, нақты нәтиже мектепте білім алып жатқан бала, емханада ем қабылдаған науқас, спорт залында жаттығып жүрген жасөспірім немесе үйіндегі краннан алғаш рет су ішкен ауыл тұрғынының өмірінен де көрінеді.

– Қайтарылған активтер есебінен 200-ден астам ауыл ауыз сумен қамтылды. Су тапшылығы ауылда ғана емес, республикалық маңызы бар қалаларда да өзекті мәселе болдып отыр. Тіпті Алматы қаласының бірнеше ықшамауданында су жоқ. Активтер есебінен Тараздың ықшамаудандарына су өткізіп бердік. Мұндай жобалар бюджетке түсетін жүктемені азайтады, – деді Бас прокуратура өкілі.

Жалпы, қайтарылған активтер есебінен 467 жобаны қаржыландыруға қаражат бөлінді және оның 378-і аяқталды. Жобалардың басым бөлігі уақытылы салынып, қолданысқа берілген. Тіпті 6,5 млрд теңге үнемделіп, арнайы мемлекеттік қорға қайтарылған. Бұл қаражат жаңа әлеуметтік жобаларды, соның ішінде ауылдарға су тарту, балабақша мен фельдшерлік-акушерлік пункттер салуға жетеді.

Шетелдегі активті қайтару неге қиын

Қазақстан ішінде орналасқан активтерге қатысты жұмыс жүргізу салыстырмалы түрде жылдамырақ. Ал мүлік немесе ақша шетелге шығарылған болса, мәселе күрделене түседі. Себебі әр мемлекеттің өз заңнамасы мен сот тәртібі бар.

Қазақстан тарапы шетелдегі активті қайтару үшін сол елдің құзыретті органдарына активтің шығу тегін, оның заңсыз алынғанын және мемлекетке қайтаруға негіз бар екенін құжаттармен дәлелдеуі қажет. Бұл үшін халықаралық ұйымдармен және шет мемлекеттердің құқық қорғау органдарымен ынтымақтастық орнатылады.

– Мысалы, Біріккен Араб Әмірліктері отбасы мүшелерінің құқығын қатты қорғайды. Заңсыз активті дәлелдейтін барлық құжатымыз, сот шешімі болса да, араб билігі жауапкердің кәмелет жасына толмаған балалары бар екені, оларды қаражатсыз қалдыруға болмайтынын айтты. Шариғи соттың шешімінсіз банктер активті қайтармайды. Біз ол балалардың кәмелет жасына дейін мына қаражатқа өмір сүреді, оның кепілдіктері мынау деп дәлелдегенше бірнеше ай кетті. Тағы бір еуропалық елде қомақты активті қайтару екі жылдан бері жалғасып келеді, – деді қонақ.

Н. Сүйіндіковтің мәліметінше, нақты шетелден қайтарылған активтердің ішінде шамамен 340 млн доллар қаражат бар. Қаражат пен мүлік Франция, Ресей, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері және Еуропаның басқа да елдерінен алынған. Кей елдерден ақшалай, кей елдерден – жылжымайтын мүлік ретінде, кей елдерден – коммерциялық мүлік ретінде қайтарылған.

Сонымен бірге, ақшаға қарағанда мүлікті қайтару әлдеқайда күрделі. Себебі жылжымайтын мүлікке, кәсіпорынға немесе басқа активке меншік құқығын анықтау, оның нақты құнын белгілеу, байланысты тұлғаларды анықтау және шетелдегі мүлікке қатысты құқықтық рәсімдерді жүргізу қажет.

Ұлттық музейге қайтарылған жәдігерлер

Мемлекетке қайтарылған мүлікті Қаржы министрлігіне қарасты Қайтарылған активтерді басқару компаниясы басқарады. Активтер «E-Qazyna» электронды сауда алаңына шығарылып, белгіленген тәртіппен сатылады. Саудаға қымбат әшекейлерден бастап, тұрғын үйлер, бизнес орталықтары мен қонақүйлерге дейінгі түрлі мүлік қойылады. Одан түскен қаражат заңда белгіленген тәртіппен мемлекет қажетіне бағытталады.

Қайтарылған активтердің арасында ақша мен жылжымайтын мүлік қана емес, тарихи және мәдени құндылықтар да бар. Олардың кейбірі алғашында қымбат әшекей немесе көне тиын ретінде ғана қабылданған. Алайда мүліктің нарықтық құнын анықтау үшін жүргізілген сараптама кезінде құнды тарихи жәдігер екені анықталған.

– Сотта мүліктің нарықтық құнын шығару үшін әдеттегі сараптаманы тағайындаған едік. Сонда сарапшылардың өзі таң қалып, ешқандай құн қоя алмайтынын, себебі тарихи тұрғыда теңдессіз жәдігерлер екенін айтты. Осылайша, монеталардың үйде жатқан жай алтын емес, біздің дәуірімізге дейін Сақ заманында жасалғанын білдік. Тіпті сақтардың аң стилінде жасаған әшекейлері де бар.Қазір олардың барлығы Ұлттық музейге тапсырылған, – деп еске алады Активтерді қайтару қызметінің басшысы.

Музейде қайтарылған активтер арқылы келген жәдігерлерге арнайы орын бөлініп, көпшілік назарына ұсынылған.

– Шетелдік әріптестеріміз – прокурорлар Астанаға келгенде, қонақтарды музейге апарғанбыз. Сонда қайтарылған жәдігерлер стендін көріп, қайран қалдық. «Міне, жұмысымыздың нәтижесі» деп әріптестерімізге көрсеттік. Олар да таң қалды. Осылайша бір кездері жеке коллекцияларда сақталған тарихи дүниелер елдің мәдени мұрасына қайта қосылды, – деді ол.

Айта кетейік, осы аптада Құрылтай отырысында «Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы еуропалық конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды. Бұл шетелге заңсыз шығарылған активтерді тәркілейтін Қазақстан өкілдеріне жаңа мүмкіндіктер береді.

Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша аудандық ауруханасы қайтарылған активтер қаражаты есебінен 1 млрд 250 млн теңгеге жаңғыртылып жатыр.

Жетісуда қайтарылған активтер қаражатына 29 нысан салынып жатыр.