Мыңға жуық жас педагог «Келешек мектептерінде» жұмыс істеуге өтінім берді
АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа форматтағы «Келешек мектептеріне» жас педагогтерді іріктеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлім етті.

Ведомство «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығына сілтеме жасай отырып, іріктеуге қатысу үшін 917 өтінім түскенін мәлімдеді. Тестілеуге еліміздегі 5 педагогикалық жоғары оқу орнының түлектері қатысты. Үміткерлер тестілеу барысында пәндік білім деңгейімен қатар, әлеуметтік және эмоционалдық құзыреттері бойынша да бағаланады.
— Нәтижесінде, үздік нәтиже көрсеткен 540 түлектің электронды портфолиолары career.orleu.edu.kz цифрлық платформасына жүктелді. Бұл — жас педагогтерді әділ әрі тиімді іріктеуге арналған заманауи құрал. Платформа тек «Келешек мектептері» директорлары үшін қолжетімді. Осылайша, олар өңірлік қажеттілікке, пәндік бағытқа және үміткердің кәсіби дайындығына сәйкес педагогті іріктей алады, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, жас педагогтерді іріктеу жұмысы алдағы уақытта да жалғасады. Әсіресе, білікті кадрларға сұраныс жоғары өңірлерге басымдық беріледі.
Бұған дейін хабарланғандай, «Келешек мектептері» бағдарламасына сай 800-ге жуық ауыл мұғалімі біліктілікті арттыру курсынан өткен еді.