Министр Әлназарова бастауыш сыныптар қандай жағдайда қашықтан оқуға көшетінін айтты
АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында бастауыш сыныптарды эпидахуалға байланысты қашықтан оқуға жіберу үшін аурушаңдық қай деңгейде болу керектігін еске салды.
- Білім беру ұйымдарында оқушылар мен қызметкерлердің аурушаңдығы мен сабаққа қатысуына күнделікті мониторинг жүргізіледі. ЖРВИ және тұмау белгілері бар балаларды анықтау үшін күнделікті таңертеңгі «сүзгі» ұйымдастырылып жатыр. Мектептерде температуралық және дезинфекциялық режим қатаң сақталып отыр, - деді министр.
Ақмарал Әлназарова облыс әкімдеріне маңызды ақпарат берді.
- Бас санитар дәрігердің 28 тамыздағы қаулысы бойынша бастауыш сынып оқушыларына қашықтан оқыту режимі әр өңір оқушыларының 30 пайыздан астамы ауырған жағдайда енгізуге негіз бар екенін хабарлаймын, - деді ол.
Осыған дейін вирустардың өршуі желтоқсанның ортасына дейін жалғасуы мүмкін екені туралы жаздық.