Министр: Электр қуатының шекті тарифін инфляция деңгейінде индекстеу қажет

«2023 жылы «Инвестиция орнына тариф» жаңа бағдарламасын қабылдау мәселесі пысықталуда. Электр станцияларына инвестицияларды қамтамасыз ету қолданыстағы резервтерді ең жылдам және тиімді түрде тартуға мүмкіндік береді. Бағдарлама энергия өндіруші ұйымдардың қолданыстағы активтерін реконструкциялауға, жаңғыртуға және кеңейтуге, сол арқылы энергия жүйесі жұмысының сенімділігін арттыруға және 2035 жылға қарай өндіруші қуаттың тозуын 15%-ға төмендетуге мүмкіндік береді», - деді министр.
Сондай-ақ, ол аталған бағдарлама арқылы қанша инвестиция тартылатынын атап өтті.
«Бағдарламада салаға жыл сайын 400 млрд теңгеге дейін инвестиция тартып, нарыққа қатысушыларды қарсы міндеттемелермен қамтамасыз ету көзделген. Жылумен жабдықтауды жүзеге асыратын және қатты тозған станциялардың техникалық аудиті негізінде инвестицияларды талап ететін басым жобалар айқындалатын болады», - деді Болат Ақшолақов.
Ведомство электр қуатының әзірлігін ұстап тұру үшін шекті тарифті айына 1 МВт үшін 590 мың теңгеден 2 млн теңгеге дейін ұлғайту, кейіннен инфляция деңгейіне индекстеу қажет деген пайым айтты.
«Бекітілген шекті тарифтерде электр және жылу энергиясын өткізуден алынатын электр қуатының әзірлігін ұстап тұру қызметін және амортизациялық аударымдарды іске асырудан алынатын қаражатты нысаналы пайдалану бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу қажет», - деді министр.