Министр Қазақстан саудалайтын 9 негізгі тауарды атады

АСТАНА. KAZINFORM — Жарты жылда тауар айналымы 31 трлн теңгеден асты. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бірінші жартыжылдықтағы сауда саласындағы нәтижелерді баяндады.

Грузоперевозки товарооборот Жүк тасымалдау тауар айналымы
Фото: Александр Павский/ Kazinform

− 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында сауда көлемі 8,4% өсті, ал тауар айналымы 31,4 триллион теңгені құрады. Оның ішінде көтерме сауда 9,2% өсті (21,2 триллион теңге), бөлшек сауда 6,6% құрады (10,2 триллион теңге), − деді А. Шаққалиев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Сауданың өсуі көтерме саудадағы 45% асатын негізгі 9 тауар есебінен қамтамасыз етілді. Бұл мұнай және мұнай өнімдері, газ, тұрмыстық техника, ұялы телефондар, фармацевтика, машина жасау өнімдері, астық және темекі.

Бұл тауарлар бойынша жыл соңына дейінгі болжамды сату көлемі 26,4 триллион теңге болуы керек, оны ең алдымен ішкі өндірісті өсіру есебінен қамтамасыз ету қажет.

− 6 айдың қорытындысы бойынша барлық өңірлер өсуді көрсетіп отыр. Ең үлкен үлесті қамтамасыз еткен 5 өңірге барлық тауар айналымының 72% құрайды. Бұл Алматы, Астана, Шымкент қалалары, Атырау және Қарағанды облыстары. Өсу қарқыны бойынша көшбасшылар – Түркістан (+69,3%), Ақмола (+45,4%) және Павлодар облыстары (+22,3%), − деді Сауда министрі.

Айта кетейік, бүгін Үкіметте биылғы қаңтар-маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары қаралып жатыр. Қазақстан экономикасы 6 айда 6,2 пайыз өсім көрсеткен.

Соңғы жаңалықтар